Live

Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі Қазақстан атынан «Оскарға» ұсынылды

Режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі Қазақстан атынан 2027 жылы өтетін 99-шы «Оскар» сыйлығына ұсынылды.

Елзат Ескендір

 Картина «Үздік халықаралық толықметражды фильм» санаты бойынша бәйгеге түседі. 

Қазақстанның Оскар комитеті фильмді байқауға өтінім берген картиналарды қарау қорытындысы бойынша таңдаған. Комитет құрамына Қазақстан киногерлер одағы, Ұлттық кино өнері және ғылымдары академиясы, Қазақстан кинематографистер лигасы және Қазақстан киносыншылар қауымдастығының өкілдері кіреді.

"Әбіл" фильмінен стоп кадр

Фильм не жайлы?

"Әбіл" фильмі Совет Одағы құлап, колхоз-совхоз тарап, мал-мүлік бөліске түсіп, елде приватизация орын алған кезеңдегі қиянатқа ұшыраған қарапайым адамдар мен қараусыз қалған қазақ ауылындағы бейберекетсіздікті суреттейді. Сол арқылы кинотуынды тәуелсіздік басындағы күрделі уақыт ағымындағы қазақ халқының рухани кейпіне, психологиялық күйіне әлеуметтік талдау жасауды ұсынады. Фильмде советтік жүйе кезіндегі адам өмірінің құнсыздығы, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің ерекшелігі мен өз жерінде, өз елінде кемсітушілікке ұшырағандығы, социализнен капитализмге ауысу кезеңіндегі екіұдай сезім, сонымен қатар, жемқорлықтың пайда болуы жайлы да ой қозғайды. Фильм үлкен тарихи оқиғалар кезіндегі кішкентай адамдардың тағдырын суреттеуді негіз еткен.

Фильмнің әлемдік тұсаукесері 2024 жылы өткен Busan International Film Festival аясында өткен. Кейін картина Азия мен Еуропадағы оннан астам халықаралық кинофестивальде көрсетіліп, он жүлде иеленген.

Елзат Ескендір
Фото: Елзат Ескендір

Фильм алған марапаттар:

  • Vesoul International Film Festival of Asian Cinemas (Франция) – Қазылар алқасының бас жүлдесі, сыншылар алқасының жүлдесі және NETPAC сыйлығы;

  • Bishkek International Film Festival – «Үздік актер» жүлдесі;

  • Da Nang Asian Film Festival – «Үздік әйел рөлі» жүлдесі;

  • Silk Road International Film Festival – «Үздік ер адам рөлі» жүлдесі;

  • Dhaka International Film Festival – «Үздік ер адам рөлі» және «Үздік операторлық жұмыс» жүлделері;

  • UniverCine Nantes Film Festival (Франция) – Қазылар алқасының жүлдесі және көрермендер көзайымы сыйлығы.

Елзат Ескендір 2016 ж. Пусан ХКФ
Елзат Ескендір 2016 ж. Пусан ХКФ

Шығармашылық топ

Фильмнің сценарий авторы әрі режиссері – Елзат Ескендір.

Продюсерлері – Серік Әбішев, Сергей Азимов және Ерлан Бекқожин.

Халықаралық продюсер – Юлия Ким.

Қоюшы оператор – Йоланта-Анна Дылевска.

Композитор – Ақмарал Мерген.

Дыбыс режиссері – Илья Гариев.

Басты рөлдерде:

  • Әбіл – Ерлан Төлеутай;

  • Шынар – Нұржан Бексұлтанова;

  • Меңтай – Қайсар Депутат;

  • Майра – Інжу Әбдібек;

  • Көкіш – Нұртас Бақыт;

  • Омыш – Мирас Бүркітжан.

Ерлан Төлеутай мен Йолонта Дылевска
Ерлан Төлеутай мен Йолонта Дылевска. Фото: Елзат Ескендір facebook парақшасы

Фильмдегі басты кейіпкер Әбілдің рөлін дәстүрлі музыка орындаушысы, композитор, публицист және өнертанушы Ерлан Төлеутай сомдаған. Оның актерлік жұмысы халықаралық кәсіби ортада жоғары бағаланып, бірнеше рет «Үздік актер» аталымы бойынша марапатталған.

Алматыдағы көрсетілім фильмнің халықаралық фестивальдердегі сапарынан кейінгі Қазақстандағы алғашқы ірі таныстырылымы болмақ.

«Әбіл» фильмі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен және Қазақфильм қатысуымен түсірілген.

Фильмнің ресми дистрибьюторы – Tanaris Production. Қазақстандағы прокатты Sulpak Cinema жүзеге асырады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз