Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:38, 01 Тамыз 2024

Шәпкенов кабинетінен шықпайды, шаруалар кірерге есік таппай жүр

Шәпкенов
Фото: Жас Алаш

Биыл көктемде еліміздің көп өңірінде алапат су тасқыны болып, он облыста төтенше жағдай жарияланды.

 Биліктің біліксіздігі мен табиғаттың тосын мінезі мыңдаған жұртты баспанасы мен мал-мүлкінен айырды. Ең өкініштісі, тасқынның беті қайтқанына екі айдан асса да, әлі суға белшесінен батып отырған адам көп.

23 шілде күні Атырау әкімдігіне облыс аумағында ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруалар жиналып, арыз-шағымдарын жеткізді. Тұрғындар облыс әкімі Серік Шәпкеновті іздеп барған, бірақ аймақ басшысы наразы топ алдына аппарат басшысы мен ауыл шаруашылығына жауапты шенділерді жіберіп, өзі бой тасалап қалды.

Шаруалардың екі талабы бар – ірі сабақты жем-шөп сатып алуға субсидия беру және тасқыннан зардап шеккен шаруа қожалықтарына өтемақы төлеу. «Жас Алаш» тұрғындардың өзімен сөйлесіп, әңгімелерін тыңдады. Проблеманың тамыры тасқынға қарсы күрестің дұрыс ұйымдастырылмағанында жатқан сияқты.

Көктемде Ресей тасыған Жайықты ауыздықтай алмай, қарғын суды Қазақстанға жіберді. Шенділер «асау Жайық әне келеді, міне келеді» деп жүріп, Оралды аман алып қалды. Одан кейін Атырау қаласы мен облыс аумағындағы аудандарға қауіп төнді. Әкімдік Атырау қаласын тасқыннан қорғау үшін қала аумағымен өтетін Соколок пен Сарыөзек каналы бойына бөгет тұрғызған. Жайық тасығанда екі канал да арнасынан асып, айналасын су басып қалды.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, тасқын кезінде шенділер каналдың Атырау қаласы жақ бетін биіктетіп жөндеп, екінші жағын ұмыт қалдырған. Салдарынан мамырда Соколок каналындағы бөгетті тасқын бұзып, канал бойында орналасқан шаруа қожалықтары қалың су астында қалған.

Сол су әлі қайтқан жоқ

Шаруалардың үй-жайы мен қорасы «теңіз» астында тұр, ал төрт түлік малын алыс ауылдарға көшірген. Олжас Бектенов бастаған ел үкіметі тасқыннан зардап шеккен жұрттың бәріне көмектесеміз деп жар салғанымен, дәл осы шаруалар шөміштен қағылып қалыпты.

Биліктің өтемақы беру жоспарына егін егіп, мал бағатын ағайын толық кірмей қалыпты. Өйткені ауыл шаруашылығы министрлігі суға кеткен малға ғана төлем беретінін айтқан. Яғни шенділер жерін су шайып, егіні аз өнім берген диқандар мен қыста малына беретін жем-шөп жинай алмаған малшыларды ескермей отыр.

Біз сөйлескен шаруалардың айтуынша, су басқан қожалыққа әлі жол түскен жоқ, жайылым мен егіндік жерді су басып жатыр. Шілде айы аяқталуға жақын қалды, биыл жерден өнім алудан күдер үзілген. Мал мен егіннен басқа табыс көзі жоқ көпшілік келер қыстан қалай шығарын білмейді.

«200 түпке жуық жеміс ағашы, жылыжай, жайылым жерім және қора-жайым су астында қалды. 30 жылдан бері тірнектеп жиған дүнием еді, енді оны қай кезде қалпына келтіріп боларым белгісіз. Бірақ қазіргі басты мәселе – биылғы қиыншылықтан аман өту болып тұр. Бізге өтемақы беріле ме, жоқ па, белгісіз. Шығынды есептеуге комиссия келеді деп еді, әлі жете алмай отыр, қожалыққа жететін жолды су шайып кеткен, екі ортаға қайықпен қатынап жүрміз.

Біз үкіметтен бір тиын алмай, өз күшімізбен еңбек етіп жүрген адамдармыз. Осы дүниенің бәріне несиеге сүйеніп, өз бетімізше қол жеткізген едік. Мал бағып, егін салып, қаланы азық-түлікпен қамтамасыз етеміз. Бірақ жергілікті билік бізді аса бағаламайтын сияқты, мұнайға сеніп алған, шаруа қожалықтары болмаса да, ештеңеміз кетпейді деп ойлайды. Бірақ осы қиыншылықта көмек қолын созар деп үміттеніп отырмыз», – дейді шаруа қожалығының иесі Айгүл ханым (кейіпкеріміз «көмек бермей қояды» деп қорқады, сол себепті аты-жөнін де, шаруа қожалығын да толық көрсетпеуімізді сұрады).

Жергілікті әкімдік пен ауыл шаруашылығы министрлігі өлген мал мен суға кеткен егінге өтемақы төлейміз, ал жем-шөпке және шаруа қожалығындағы үй мен қораларға өтемақы беру механизмі жоқ деп отыр. Оның үстіне заңдастырылмаған үй мен қора-қопсыға өтемақы төленбейтінін ескертті. Шаруалар қала ішінде емес, алыс қожалықта орналасқан үй-жайына құжат жасатпапты. Осы проблема да жұртты тығырыққа тірейтін сияқты. Біз Атырау әкімдігіне хабарласып, шаруалардың мәселесі қалай шешілетінін сұрадық.

«Облыс аумағында көктемгі тасқыннан малынан айырылған тұрғындарға өтемақы төлеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде Қызылқоға және Жылыой аудандарында өтемақы төлеу жұмыстары толық аяқталды. Шығынға ұшыраған шаруаларға жем-шөп сатып алуға субсидия беру жұмысы әзірге қарастырылмаған.

Егін шаруашылығы бойынша қазір Махамбет, Индер аудандары және Атырау қаласында арнайы комиссиялар құрылып, өтініш қабылдау жұмысын жүргізіп жатыр. Тасқыннан зардап шегіп, егістік алқаптары су астында қалған шаруаларға өтемақы төлеу ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен ережеге сәйкес жүргізіледі», – деді Атырау облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының өкілі.

Ал тұрғындар бұл шешімге риза емес. Олар өздеріне төтенше жағдайдан зардап шеккен жұмыссыздар мәртебесін беруді сұрап отыр. Сондай-ақ құжат бар-жоғына қарамастан су астында қалған құрылысқа өтемақы төлеп, барлық шығынның орнын толтыруды талап етті. Шаруалар әлеуметтік желіде үндеу жасап, мәселе облыс деңгейінде шешілмесе, Ақордаға барып, арыз айтатындарын мәлімдеді.

Бектеновтің үні Жайық жағасына жетпейді

23 шілдеде атыраулық шаруалар қала әкімдігіне жиналып, Шәпкеновті «ұстай» алмай жүргенде Астанада Бектенов диқандарды қолдап, ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейту жөнінде жиналыс өткізіп жатты. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров позитивті баяндама жасап, биыл 6 айда өнім көлемі 3,4 % артып, 1,6 трлн теңгеге жеткенін айтты. Ал Бектенов «ауыл шаруашылығын дамыту – менің жеке бақылауымда тұратын басым бағыт» деп тұжырды.

Елордада екі «шешен» осылай көсіліп отырғанда Атырауда жүздеген шаруа Шәпкеновтің есігін жағалап, мал мен егініне өтемақы сұрап жүрді. Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тасқыннан зардап шеккен 176 шаруа қожалығы өтемақыға өтініш бергенін хабарлады. Бұл сан әлі көбеюі мүмкін. Осы тұрғындар Бектенов пен Сапаровқа «біз су астында жатқанда қай жеріңнен келеді ойын-күлкің» деп сәлем жолдады.

«Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалинмен кездестік. Ол біздің мәселе жергілікті биліктің құзыретінде екенін айтты. Бірақ Шәпкенов мырзамен жолыға алмай жүрміз, кездесуге келмейді. Проблеманы қалай шешерін білмей отыр ма, белгісіз. Әкімдік шынымен не істерін білмейтін сияқты, жақында Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаевпен кездесуге барып, шаруаларды неге жеке қабылдамайтынын сұрадым, ол кісі «мен сіздерге не айтамын...» деп шарасыздық танытты. Аудан әкімі қолында құжаты бар шаруа қожалықтарына төлем берілетінін ғана айтты.

Біз проблемамызды шешуді сұрап арыз жаздық. Жақында ауыл шаруашылығы басқармасынан комиссия келіп, шығынымызды есептейді. Бірақ олар суға кеткен мал мен егінді, жеміс ағаштарын ғана қарайды екен. Ал баспанамыз бен қора-жайымыз жайлы тұрғын үй басқармасына арыз жаздық. Ең қызығы, олар арызды электронды түрде емес, қағазбен қабылдады әрі құжаттарымызды қабылдап алғаны жайлы ешбір анықтама берген жоқ. Арыз жазғанымызға бір айдан асты, бірақ әлі ешкім қайта хабарласпады. Ал ауыл шаруашылығы басқармасына электронды түрде құжат өткіздік.

Біз Сарыөзек каналының бойындамыз, бұл жер Атырау қаласынан 18 шақырым жерде, бізде су негізінен қайтты. Ал Соколок каналы қалаға өте жақын, оның маңын әлі су басып жатыр. Су қашан құрғап, қожалығымызға қашан оралатынымыз белгісіз. Жылда аздап егін егетін едік, мысалы, мен 1-2 гектар жерге қауын-қарбыз, көкөніс егетінмін. Оны базарға, магазинге апарып сататын едік. Одан бөлек, 3-4 гектар жерге жоңышқа егіп, қыста малға беретін едік. Биыл осының бәрі жоқ болды. Оның сыртында қолда сиыр ұстап, сүтін сататынбыз. Су келеді дегенде малды алысқа айдадық, сөйтіп ол табыстан да қағылдық. Басқаша айтқанда, еш табыссыз қалдық. Соған қарамастан билік бізді жұмыссыз ретінде танымай отыр. Заңда мұндай тетік жоқ екенін айтады, бірақ тасқын кезінде төтенше жағдай жариялады, демек, мұндай жағдайда төтенше ереже жасау керек шығар. Сөйтіп бізге арнайы статус беріп, шығынымызды өтеп берсе жақсы болар еді», – дейді Махамбет ауданы Бейбарыс ауылдық округіндегі «Тасқалиев» шаруа қожалығының иесі Асқар Тасқалиев.

АШМ баспасөз қызметі Соколок пен Сарыөзек каналы бойында балық қырылып жатқанын бірнеше мәрте жазыпты. Бірақ дәл сол судың бойында мыңдаған тұрғынның үйі су астында қалып, балықтың күнін кешіп отырғанына назар аудармайды. Соған қарағанда Сапаров мырза шаруалардан гөрі, балықтар жайына көбірек бас қатыратын сияқты.

Ресми дерек бойынша, су тасқынынан зардап шеккен үйлер 100% тексеріліп, бағаланды. Бағалау қорытындысы бойынша 9 243 үйді жөндеуге тура келді. 7 505 үй жөнделіп, 44,1 млрд теңге жұмсалды. 8 578 нысан қалпына келместей бүлінген. Қазірге дейін 3 921 отбасы жаңа үй мен пәтерге кірді, 2 578 жаңа үй салынып жатыр.

Сондай-ақ 33 820 отбасыға 100 АЕК-тен 12,5 млрд теңге біржолғы төлем жасалды. Зардап шеккен тұрғындарға тұрмысқа қажетті заттар сатып алу үшін 9,4 млрд теңге төленді. Суға кеткен малдың өтеуі үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты. Зардап шеккен бизнеске 1,5 млрд теңге бөлінді. Жақында ел үкіметі апат болған өңірлерде жол жөндеуге төтенше резервтен қосымша 22,7 млрд теңге бөлді.

Бұл премьер-министрдің сайты таратқан ресми ақпарат. Бұл сан-цифрларға қарасаң, бәрі жөнімен жүріп жатқандай көрінеді. Бірақ біз сөйлескен шаруалар нағыз проблема енді басталғанын айтады. 

Қуаныш Қаппас