Шешенстанда ұрланған Мансур Мовлаевтың ата-анасы үйлеріне оралды
Шешенстанда ұрланған Мансур Мовлаевтың ата-анасы үйлеріне оралды. Бұл туралы оның адвокаты Елена Жигалёнок хабарлады.
Адвокаттың айтуынша, Мовлаев ата-анасының үйге қайтқанын жақында білген. Сондай-ақ бұған дейін ауыр жарақаттармен ауруханаға түскені хабарланған ағасы Зелимхан Мовлаев та босатылған. Алайда оның қазіргі жағдайы белгісіз.
Еске салсақ, 2 маусымда құқық қорғаушылар Мансур Мовлаевтың ағасы Зелимханның ауыр жарақатпен ауруханаға түскенін хабарлаған еді. Белсенділер мұны Қазақстанда қамауда отырған Мансур Мовлаевқа қысым көрсету әрекеті деп бағалаған.
Ал 5 маусымда белгісіз адамдар Шешенстанның Старые Атаги ауылындағы үйінен оның ата-анасы Хава мен Мовсар Мовлаевтарды алып кеткен.
Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, Шешенстандағы күштік құрылымдар Мансур Мовлаевты Қазақстаннан қайтаруға қол жеткізу үшін оның туыстарына қысым көрсетіп келген.
Мансур Мовлаев 2020 жылы Шешенстанда есірткі ісі бойынша сотталған. 2022 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққаннан кейін қайтадан ұсталып, бейресми құпия түрмелердің бірінде қамалғанын мәлімдеген. Кейін ол қашып шығып, құжатсыз Қырғызстанға өткен.
2023 жылы Бішкек соты оны Қырғызстан шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін алты айға соттап, елден шығару туралы шешім қабылдаған. Жаза мерзімі аяқталған соң босатылған белсенді кейін Қазақстанға келген.
Мовлаев 2025 жылдың мамырында Алматыда Ресейдің сұрауы бойынша ұсталып, содан бері экстрадициялық қамауда отыр.
2026 жылдың ақпанында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстанға Мансур Мовлаевты Ресейге экстрадициялауға тыйым салған. Соған қарамастан Алматы соты оған босқын мәртебесін беруден қайта бас тартқан. Бұл шешімді апелляциялық сот та күшінде қалдырды. Қазір іс кассациялық сатыда қаралуы тиіс.
Құқық қорғаушылар Қазақстан билігін халықаралық міндеттемелерді сақтауға және Мовлаевты азаптау қаупі бар елге қайтармауға шақырып келеді.