Саясат

«Шешіндіріп, қорлық көрсетті». Журналистің мәлімдемесіне полиция жауап берді

Бұған дейін журналист Сандуғаш Дүйсеноваға «Жеке өмiрге қолсұқпау және дербес дерек пен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзды»(147-бап) деген айып тағылып, тергеуге шақырылған.

«Шешіндіріп, қорлық көрсетті». Журналистің мәлімдемесіне полиция жауап берді

Ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босап шықты. 

Кейін журналист әлеуметтік желіде жазба жариялап, полицейлер оны жалаңаш суретке түсіргені туралы мәлімдеді. 

Оның айтуынша, полиция бөлімінде тергеуші тағылған айып ауыр екенін айтқан. Ешқайда қашып кетпейтінін, ішімдік, есірткіге әуестігі жоқ екенін айтқанына қарамастан, полицейлер журналисті қамауға алып, изоляторда 8 сағат ұстапты. Сол кезде тінту жүргізіп, шешіндірген көрінеді. 

«Куәгер екі әйел келді. Криминалист қыз келді. Тергеуші әйел келді. Сол жерде шешіндірді. Криминалист бір видеокамерамен түсірді. Тергеушінің кабинетінде желке жағымда үлкен камера тұрды. Бұл полиция департаменті басшысына қойылған камера болса керек. Облыстағы полиция басшысы – ер адам. Менің бала-шағам, немерелерім, күйеу балаларым бар. 55 жастағы әйелмін. Бірақ соған қарамастан, осылай шешіндіріп, қорлық көрсетті. Бұл видео басқа жаққа тарап кетпесіне кім кепіл? Ертең видео тараса, мына Сандуғаштың шешініп тастағаны несі деп біреу айтуы мүмкін ғой. Кейін наркологияға, сосын арақ ішкен-ішпегенін тексеретін бөлімге апарды. Іш киімдерімді тартып алды. Төстартқышты берсе, мен асылып қалады екенмін. Төстартқышсыз ер адамдардың алдында жүруіме тура келді. Масқара жағдай. Концлагерьдей кеудемді қолыммен жауып, камераға кірдім. Мен бірақ айтқандарының бәрін істедім. Қарсылық танытпадым. Намысқа тырыстым. Енді үйге келіп, осынша қорлық көргенім намысыма тиіп жатыр. Сөйтіп, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Жігіттер ұялды ма, әйтеуір, дұрыс матрас, көрпе-төсегін берді. Ал түнгі 00:40-та үйіме жіберді», — деді Дүйсенова. 

Жетісу облыстық Полиция департаменті журналистің мәлімдемесіне жауап берді.

«БАҚ-та және әлеуметтік желілерде азаматша Д. ұстау кезінде полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз әрекеттер болғаны туралы ақпарат тарап жатыр. 11 тамызда соттың санкциясымен соталды тергеп-тексеру аясында азаматша Д. жеке тінтуі жүргізілгенін хабарлаймыз.

Жеке тінту рәсімі тергеуші, криминалист және екі куәгердің қатысуымен (барлығы тiнтілген адаммен бір жынысты) Қылмыстық-процестік кодексінің талаптарына қатаң сәйкес жүзеге асырылды. Осы тергеу әрекетін жүргізу кезінде ғылыми-техникалық құралдарды (бейнекамера) қолдану міндетті және ҚПК-мен реттеледі», — делінген Жетісу полициясы таратқан хабарламада.

Айта кетейік, Дүйсеноваға жеке мәліметті жариялады деген айып тағылып отыр. Істің мән-жайын журналист өзі айтып берді. 

«Мені 11 тамыз күні тергеуші кешке 17:00-ге шақырған. Ойымда ештеңе жоқ, бара салдым. Үстімнен арыз түскенін айтып, тергеуші сұрақтары барын жеткізді. Арыз түсірген осыдан 1,5 жыл бұрын қасана адам өлтіріп, қашып жүрген адам туралы жазғанмын. Сол кезде қылмыскер туралы өзімнің Instagram парақшамда жазған едім. Егер бұл адам туралы ақпарат болып жатса, полицияға хабарласыңыздар деген сарындағы пост салғанмын. Ойымда ешнәрсе жоқ. Кейін Қызылағашқа барып, өлген адамның үйіне барып, көңіл айтып, видео түсіргенім бар. Қылмыскер қолында 2 жасар баласы бар адамды атқан. Сол оқтан бала да жараланған. Бір аптадан кейін табылды деді. Кейін қайтыс болған ер азаматтың отбасына халық боп жылу жинап, үй алып бердік. Менің бар айыбым сол адамның жеке сәйкестендіру нөмірі жазылған қағазды салуым ғой. Енді түрмеде отырған адам Жетісу облысының прокурорының атына «жеке өміріме қол сұқты, үстінен іс қозғауыңызды сұраймын» деп арыз жазған. 147-баппен іс қозғады», — дейді Сандуғаш Дүйсенова. 

Тегтер: Без Тега
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз