Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:41, 11 Сәуір 2024

Шығынға ұшыраған шаруаларға қандай көмек көрсетіледі?

су тасқыны
Фото:

Қыстай қар құрсанып, мұз жастанған қазақ даласы наурыздың аяғына қарай жіпсіп сала береді. Өкінішке қарай, билік көктемгі еріген қар суына дайын болмай шықты. Күн көзі шыға сай-саладан жөңкілген қарғын су жолындағы елді мекеннің бәріне еш кедергісіз кіріп, ауыл-аймақтағы ағайынды әбігерге салды.

Су тасқынынан жардап шеккен облыстардың бәрі еліміздегі ауыл шаруашылығы жақсы дамыған өңірлер. Бұл өңірлерде мал басы да мол, егін алқабы да көп еді. Көктемгі қарғын су мал мен егін шаруашылығына үлкен зиян келтіріп отыр.

Осы жағдайды ескере отырып, ауыл шаруашылығы министрлігі салаға келген шығынды ертерек есептеп, оның орнын толтыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Жұмыс дер кезінде жүргізілмесе, қолындағы азды-көп малы мен егініне сүйеніп күн көріп отырған ауылдағы ағайынның жағдайы қиынға соғуы мүмкін. Осыны ескеріп, министр Айдарбек Сапаров – Ақтөбе облысына, мал шаруашылығына жауапты вице-министр Аманғали Бердалин – Батыс Қазақстан облысына, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайыржан Байжанов – Қостанай облысына іссапармен барды.

Ауыл шаруашылығы министрі бұл сапарында малды су басқан аймақтардан қауіпсіз жерге көшіру жұмысын бақылап, ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне келтірілген залалды есептеу алгоритмін түсіндіруге тырысты. Үш бағытқа бөлініп, сапар шеккен министрлік басшылары су тасқынынан зардап шеккен ауыл шаруаларымен және мал иелерімен кездесті.

«Жедел деректерге сәйкес, төрт түлік мал су басқан аумақтардан қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Ауыл шаруашылығы жануарларының басым бөлігі аман қалды, мал иелеріне келтірілген шығынды анықтау жұмыстары жалғасады. Комиссия қорытындысы бойынша өлген жануарлардың иелеріне өтемақы төленеді», – деді Айдарбек Сапаров.

Министрлік қазірге дейін 60 мың бастан аса мал қауіпсіз жерге көшірілгенін хабарлады, бірақ қауіп-қатер әлі сейілген жоқ. Тіпті су тасқынының екінші толқыны болуы да мүмкін. Сол үшін су басқан өңірлерде мал шығынының алдын алу мақсатында малды қауіпсіз жайылымға көшіру жұмысын жалғастыру қажет. Ол малшы қауымға дер кезінде ақпарат жеткізіп, төрт түлікті қауіпті аумақтан алдын ала айдап әкету жұмысын ұйымдастыру керек.

Бірақ малды қауіпсіз жерге жеткізумен жұмыс бітпейді. Қыстың қырынан әрең шыққан жануарларды жеммен қамтамасыз етудің маңызы зор. Өйткені төрт түлік қыстан арықтап шыққаны анық, төлдейтіні бар, оның үстіне бүкіл жерді су басып кеткендіктен, малшылардың жиған жем-жөбі су астында қалғаны анық. Демек, тасқыннан қашып, ауылдан тыс жерге кеткен мал аштан қырылып қалмауы үшін жем-шөбін дер кезінде жеткізу керек. Министрлік бұл жұмыспен «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ айналысады деп отыр, олар шаруалардың сұранысы бойынша жем-шөп жеткізуді ұйымдастыруға дайын деген ақпарат алдық.

Өкінішке қарай, су тасқын кезінде мал шығыны аз болған жоқ. Тұрғындардың көз алдында суға ағып кеткен малдарды көрдік, тіпті қызыл судан шыға алмай шырқырай кісінеп бара жатқан жылқы дауысы жұрттың жанын ауыртқаны анық. 7 сәуірде ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтында 5 711 бас мал өлгенін хабарлады. Оның 1 137-сі ірі қара, 4 051-і ұсақ мал, 457-сі жылқы екен, бұл қатарда басқа да ауыл шаруашылығы жануарлары бар.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қазір өлген мал саны есептеліп, деректер нақтыланып жатқанын хабарлады. Айдарбек Сапаров су тасқыны кезінде өлген малдың иесіне өтемақы берілетінін айтты. Өтемақы жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ басқа да қаржы көздерінен төленеді.

Су тасқыны малды ғана ағызып әкеткен жоқ, сонымен бірге топырақтың құнарлы қабатын да шайып кетті. Демек, апат егінші қауымға да қиын тиіп отыр. Сол үшін топан су ел бойынша қанша гектар егістік пен жайылым, шабыс жерді шайып кеткеніне мониторинг және талдау жасалу қажет.

Топан су егіндік жердің құнарлы қабатын ағызып кетсе, ол жерге егін дұрыс шықпайды. Бұл күзде өнімнің төмендеп, егіншілердің зиян шегуіне себеп болуы мүмкін. Мысалы, 2010 жылы Алматы облысы Қызылағаш ауылында тасқын жүргені есімізде. Содан бері ол өңірде әлі ештеңе өспейді екен. Демек, Қостанай, Солтүстік Қазақстан сынды облыстарда егін түсімі төмен болса немесе мүлде шықпай қалса, диқандарға да, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне де қиын тиері анық. Сол үшін министрлік егіншілер жайын да естен шығармағаны жөн.

АШМ ресми өкілдері қазірге дейін су тасқынынан бүлінген ауыл шаруашылығы алқаптары туралы ақпарат түспегенін хабарлады. Мұндай фактілер пайда болған жағдайда, фермерлерге несиелерді ұзарту түрінде көмек көрсетіледі.

«Фермерлерге көмек беру жайлы айтсақ, бүгінгі таңда су тасқынынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы дақылдары (күздік дақылдар, жылыжайлар, көкөніс бақтары) туралы ақпарат жоқ. Егер егіс маусымының басында суланған аумақ пайда болса, егіс алқабы бу алқаптарында дақылдарды егу және әртараптандыру есебінен қалпына келтіріледі. Төтенше жағдай режимі жарияланған өңірлердің фермерлері үшін шығындарды растау кезінде несиелерді 24 айға дейін ұзарту және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау көзделген. Аграрлық несие корпорациясында бұл тетік пысықталды, әкімдіктер су тасқыны салдарынан егіс жұмыстарын уақытында бастай алмағандарды немесе шығынға ұшырағандарды жедел есепке алуы қажет», – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.

Ендігі бір түйткіл – суға ағып өлген төрт түліктің жемтігін жою мәселесі. АШМ-ның эпизоотияға қарсы отряды облыс әкімдіктерімен бірлесіп, шығын болған жануарлардың өлексесін жинау және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Іс-шараларды жүргізу үшін 90 бірлік техника, қызметкерлер штаты және жою шаралары үшін қажетті дезинфекциялық заттар іске қосылды. Қазірге дейін 1013 бас мал жемтігі өртеліп, жойылды. Бұл жұмыс жалғасын тауып, ағын судан ашыққа шыққан өлекселер дер кезінде жойылады дейді министрлік өкілдері.

Қарғын су егіншілердің үйін ғана емес, қамбасын да басып қалды. Демек, егіс дақылдарының тұқымы да суға кеткен болуы ықтимал. Оның үстіне жылжымайтын мүлкінің құжаттары суға кеткен шаруалар мемлекеттен несие де ала алмай қалуы мүмкін. Ал су шайған егіс алқабының құнары кететінін жоғарыда жаздық. Демек, құзырлы орган қызметкерлері осы мәселелердің бәрін ескеріп, фермерлерге демеу болуы керек. Үкімет барлық шығынды өтеуге уәде беріп отыр, енді осы уәдеге сенім артамыз.

Қуан Өмірхан

Тегтер: