Саясат

Шымкенттегі жоғары лауазымды шенеунікке қатысты істі ҰҚК тергеп жатыр

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласындағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты департамент басшысына қатысты тергеу басталғанын растады.

Руслан Тұңғышбаев

Бұған дейін журналист Михаил Козачковтың Telegram-арнасында Шымкент қаласы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің басшысы Руслан Тұңғышбаевқа қатысты тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат тараған болатын.

Хабарламада ҰҚК-нің жергілікті департамент қызметкерлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында шенеуніктің жұмыс орнында тінту жүргізгені айтылған.

Сондай-ақ тергеу өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша оң қорытынды беру үшін лауазымды тұлғаға ақша берілуі мүмкін деген күдікті тексеріп жатқаны хабарланған.

Айта кетейік, Руслан Тұңғышбаев 2023 жылдың қазан айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аппараты басшысының бұйрығымен Шымкент қаласы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің басшысы болып тағайындалған.

Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, ол бұған дейін Мәжіліс аппаратында қызмет атқарған. Кейін Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің департаментін басқарған.

2016 жылы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары қызметіне тағайындалып, бұл лауазымда 2021 жылға дейін жұмыс істеген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз