Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:17, 02 Ақпан 2025

 Шыңғыс ханға барар жол

Мағауин
Фото: magauin.com

Қазақ өз тарихына өзгенің тарихындай енжар қарауға үйренді. Жат жұрт өткенін түгендей бастағанда, ең алдымен, көшпенді түрік тайпаларының, негізінен қазақтың тарихын түгендеуіне, арандатуына тура келді.

 Біздің байырғы ғұмыр кешуіміз империализм мен шовинизмнің күстаналауына ұшырап ғана қоймай, бір ғасыр бойы ақиқат шындық ретінде өзімізге оқытылды. Соның ең улы жемісін 2000 жылдардың басында көрдік. Бүлінген, бұзылған ұлттық ес барлық отарлықтан шыққан елдердегі сияқты психологиялық комплекске ұшырады. Сырт күштердің қолына ең алдымен ілінгелі тұрғаны -жат пен жақынға бірдей ділгір тақырып - «қазақта мемлекет болмаған» дейтін миф еді. Мүмкін болса, оны республикадағы ең лауазымды тұлғаның аузынан айтқызу. Мұхтар Мағауин тәуелсіздіктің басында жинақы, ұғынықты, өткір тілмен Қазақ Ордасының тарихын - «Қазақ тарихының әліппесін» жазып, оқырманға ұсынды. Бұл - қазақ тарихына қалам тартудың көзге көрініп тұрған сыртқы себептері. Ұлы жазушының Шыңғыс хан тақырыбына баруының өзіндік ішкі себептері де болды. Мұхаң алғадай ерлер туралы ұлы эпостар тудырып отырған түрік-қазақтың ескі дәстүріне жүгінген екен. «Шыңғыс хан», «Алтын Орда», «Қазақ тарихының әліппесін» бажайлаған оқырман бұларда әрі ғылыми, нақты, дәйекті, әрі жыраулық поэзияға тән асқақ лепестің сақталғанын байқар еді. Мағауиннің дәлме-дәл, артық әшекей мен сөзуарлықтан ада тілі туралы алдағы уақытта зерттеушілер айта жатар. «Шыңғыс ханның» алғысөзінде сондайлық өр һәм нақты да дәйекті бейнелеудің озық үлгісі мол көрініс тапқан.

Автор әлдебір сұхбатында айтатынындай, бүткіл еңбек - Шыңғыс ханды өз қауымының жоқтауы. Шын мәнінде, бұл - бір-біріне парапар, жақын рухтардың бір-бірін жоқтауы. Қазақтың тобыр элитасының ортасында соншама кергілеу мен жұлмалауға тегіннен тегін түспесе керек. Ұлы бабаларды, киелі аруақтарды жоқтау, сол арқылы елдің рухын дүрк көтеру бізге түрік қауымының хатқа түскен бүкіл тарихынан белгілі. Борхес бір сұхбатында махаббат пен ерлікті жырлайтын эпостардың өзін қандай да бір қайғылы элегиялардан, лирикалардан гөрі көбірек тебірендіретінін айтады. Ақындарды эпосқа оралуға шақырады. Өйткені эпостарда қашанда махаббат, ерлік, әділет жырланады, ұсақ мұңнан биік тұрады. Осы сұхбатында ол Голливудтің бір киносында дұшпанының пышағынан өліп бара жатып: «Қазір осындай жалпақ пышақтарды істететін болды, ә» деп, өліп бара жатқанын ұмытып, пышаққа таңданатын эпизодты эпостық ерліктің көрінісі деп жоғары бағалайды. Мағауиннің «Салах-ад-Динның үкімі» әңгімесінде мынадай оқиға бар: Советтер одағын ұлтшылдардан тазартуға аттанған революциялық жасақ бір ауылда үйлену тойын жасап жатқан Алашшыл жас қазақ -ауыл мұғалімін көл жағасында екі серігімен бірге атып өлтіреді. Сонда, үшеуінің соңынан атылған Жәңгір деген жігіт мылтық даусынан азан-қазан болған көл жаққа бұрылып: «Үйректерді үркіттіңдер...» дейді. Бұл да Борхес айтқан жаңағы әңгімеге сарындас, кісіліктің өлімнен де биік өр қалыбын жырлау еді. Содан соң Борхес сөзін ары қарай сабақтайды: «Голливуд (кинолары) адамзатқа эпостық рухтың ұрығын шашып жүр» дейді. Марко Поло жазып алған «Татарлар ұрыстарда өлең айтатын болған» деген сөзді мысалға келтіреді және «Олардың айтып жүргені ерлік жыры екені күмәнсіз» дейді. Доспамбет жыраудың өлер шағында бәрін жоқтап келіп: «Ер Мамайдың алдында шаһид кештім, өкінбен!..» деп тірі адамды - ерлік рухтың ендігі көзі тірі иесі Ер Мамайды көтеріп кететіні -ерлік пен кісіліктің әлем әдебиетінде сирек кезігетін асқақ көрінісі. Бағзы жыршылар шын қаһарман ұлдарды жырға қосуды парыз санаған. Күлтегін, Білге, Едіге, Қобыландыдан Абылай, Қабанбай, Кенесарыларға дейінгі ерлердің бәрі эпосқа айналған. Тіпті кешегі ат үстінде ажал құшқан соңғы көшпенді - Оспан батыр туралы да маңындағылар шығарған батырлық жыры болған.

Иә, ұлы жазушылардың мүмкіндігі, болмысы, амбициясы олардың қай бір әңгімелерінен, жаңағындай бірер сөзінен көрініп тұрады. Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтарындағы» ізгі жүректі, иман жүзді Зосим пірадардың сүйегінің бұзыла бастағанына еліре қуанатын тобырды оқыған кез келген оқырман Ресейде Совет Одағының неге орнағанын түсінер еді. Сол сияқты, ұлы бабалар туралы Мағауиннің өз «эпосы», саналы-бейсаналы түрде, ол жыраулар жырын түгендеп жүргенде, романдары мен хикаяттарын қағазға түсіріп жатқанда, ішкі әлемінде әлдеқашан сұлбалана бастаған тәрізді. Шыңғыс хандай кіді тақырыпқа, әлемдік картаны шыт-жаңа қалыптаған үлкен тұлғаға жиырмасыншы ғасырда туған Мұхтар Мағауиннен басқа бір қазақтың бара алатыны күмән туғызады. Өзге бір жазармандардың бұл тақырыпқа баруын - адасып, қаңғілестеп жүріп байқамай ашып қалған есікке ұқсатар едік. Біз адамзаттың өз ішіндегі хайуандығы үшін Шыңғыс қағанды кінәламауымыз керек. Адамзат Шыңғыс ханнан бұрын да жалмауыз болған. Оның қылышынан құрып кеткен қабила жоқ. Кісілік тектен көз жазғанда, кісі баласының қандай сұмдықтарға да қиналмай баратынын үстегі ғасыр көрсеткен. Өлім алдында кейіпкеріне үйректерді жоқтата алған түйсіктің иесі басқа бір биіктен, біздің суайт, атаққұмар жазармандарға иісі де бармаған кеңістіктен тіл қатып тұр.

Әдебиеттегі алғашқы үлкен еңбегін жыраулар мұрасын әйгілеумен бастаған, «Шыңғыс ханның» екінші томында Таян ханға «Біздің қалай шайқасып, қалай өлгенімізді көзімен көрсін!..» деп қырылып кеткен (Шыңғыс ханның өзі: «Осындай нөкерлері бар ханның арманы не!..» деп қайран қалған) Найман ұлысының жауынгер жасақтарын сүйсіне жырлайтын Мұхтар Мағауин Қазақ Ордасында, Алтын Ордада, одан бұрын Шыңғыс қағанмен бірге қан кешуден өткен барлық ер бабаларымызды қара сөзде тірілткен соңғы жырау екен. Аруақ аманаттаған бар парызын ада қылып, өзі сусындап ержеткен, сары даланы желдей кезіп жүрген ұлы жырлар мен эпостардың қарызын өтеп, артына халқымен бірге жасайтын мәңгілік «эпостарын» мұра етіп, Шыңғыс ханның соңғы жауынгері де Тәңірінің дәргейіне қайтыпты...

Тізімбек Анашұлы