ШҚО әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Омар сот шешімін өзгерте алмады
Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған экс-әкім орынбасары Жақсылық Омардың қорғаушысы берген апелляциялық шағымды қарады.
Сот алқасы Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2026 жылғы 3 сәуірдегі үкімін өзгеріссіз қалдырды. Ал апелляциялық шағымдар қанағаттандырылған жоқ.
«Сот алқасы бірінші сатыдағы сот сотталушының әрекеттерін дұрыс саралаған деген қорытындыға келді. Жаза түрі мен мөлшері заң талаптарына сәйкес тағайындалған. Сондай-ақ қоғамға аса қауіпті ауыр жемқорлық қылмысының мемлекеттік билік беделі мен қоғам сеніміне нұқсан келтіретіні ескерілді. Қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енеді», – деді судья Сауле Бекишева.
Айта кетейік, бұған дейін Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты бұрынғы ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омарды ауыр жемқорлық қылмыстарын жасады деп танып, нақты мерзімге бас бостандығынан айырған болатын.
Бүгінгі сот отырысына экс-чиновник қатысқан жоқ.
Жақсылық Омарға 20 миллион теңге көлеміндегі пара алу және автокөлікке қатысты алаяқтық әрекеттер бойынша айып тағылған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол Өскемен қаласының әкімі болып тұрған кезде танысын кәсіпорын атынан демеушілік көмек ретінде көлік рәсімдеуге көндірген. Кейін алынған Toyota Camry 75 үшінші тұлғалардың атына аударылып, trade-in бағдарламасы арқылы шенеуніктің жеке пайдалануына арналған жаңа көлікке ауыстырылған. Келтірілген шығын көлемі – 13 миллион теңге.
2026 жылғы 3 сәуірде сот Жақсылық Омарды алаяқтық пен пара алу бойынша кінәлі деп танып, оны орташа қауіпсіздік мекемесінде 6 жылға бас бостандығынан айырды.
Сонымен қатар оның Toyota Camry автокөлігі тәркіленіп, «Құрмет» орденінен айырылды және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
ШҚО прокуратурасы бұған дейін жемқорлық қылмысы үшін сотталған тұлғаларға рақымшылық қолданылмайтынын және шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайтынын мәлімдеген.
Жақсылық Омар бірінші инстанция сотының шешімімен келіспеген еді. Үкім шыққанға дейін ол соттан өзін бас бостандығынан айырмай, айыппұл тағайындауды сұраған. Кейін сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді.
Жақсылық Омар 2018 жылдың тамызынан 2024 жылдың қарашасына дейін Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарған. Ал 2025 жылдың сәуірінде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалған еді.