Қоғам

Швейцария Өзбекстанға Гүлнара Каримованың активтерінен 252,5 миллион доллар қайтарады

Өзбекстан мен Швейцария Гүлнара Каримованың Швейцарияда тәркіленген активтерінің тағы бір бөлігін қайтару туралы келісімге келді.

Гүлнара Каримова

Елге 252,5 миллион доллар көлеміндегі заңсыз шығарылған қаражат қайтарылады. Бұл туралы Өзбекстанның Экономика және қаржы министрлігі хабарлады. Келісімге 24 қарашада Өзбекстан экономика және қаржы министрінің орынбасары Отабек Фазилкаримов, Швейцарияның елдегі елшісі Симона Гигер және БҰҰ-ның Өзбекстандағы тұрақты үйлестірушісі Сабина Махл қол қойған.

Қаражат "Ишонч – 2030" траст қоры арқылы денсаулық сақтау мен білім беру салаларын дамытуға жұмсалады. Бұл – активтерді қайтару және оларды әлеуметтік маңызы бар бағдарламаларға бағыттау стратегиясының екінші кезеңі.

естеріңізге сала кетейік, Гүлнара Каримова Өзбекстанды 1989-2016 жылдары басқарған Ислам Каримовтің үлкен қызы. Қазір ол елінде түрмеде жазасын өтеп жатыр. 2015 жылы бопсалау және салық төлеуден жалтару баптары бойынша бес жылға сотталған. 2017 жылы оған тағы бес жыл жаза тағайындалып, 2019 жылға дейін үйқамақта болған. Ал 2020 жылы бопсалау мен жымқыру ісі бойынша кінәлі деп танылып, жаза мерзімі 13 жыл 4 айға ұзартылды.

2026 жылғы сәуірде Швейцарияның Федералдық қылмыстық соты Каримоваға қатысты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша өндірісті тоқтатты. Бұған дейін Швейцария Өзбекстанға заңсыз шығарылған 95 миллион долларды қайтарған.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз