Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстарға қатысты 50 қылмыстық іс қозғалды
Ішкі істер министрлігі биылғы жылдың алғашқы 10 айында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес аясында 50 қылмыстық іс қозғады. Оның ішінде трансұлттық сипаттағы қылмыстар да бар.
ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, полиция азаматтарды бопсалаудан қорғауға ерекше назар аударып отыр. Жыл басынан бері 440-тан астам бопсалау дерегі анықталған. Олардың қатарында кәсіпкерлер мен білім беру ұйымдарына қатысты фактілер де бар.
Жалпы, түрлі қылмыс жасағаны үшін криминалдық ортаға қатысы бар 240-тан астам адам қылмыстық жауаптылыққа тартылуда. Сонымен қатар жедел шаралардың нәтижесінде ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар 40-тан астам топтың қызметіне тосқауыл қойылған. Қылмыстың алдын алу мақсатында полиция заңсыз айналымнан 380-ге жуық атыс және травматикалық қару, сондай-ақ 5 мыңнан астам оқ-дәрі тәркілеген. Бұған қоса, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыруға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр.
ІІМ адам саудасына қарсы күреске де басымдық беріп отыр. "Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" заңды іске асыру аясында 135 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Зардап шеккендерге әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсету шаралары қабылданған.