Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 30 Сәуір 2024

Соңғы мүмкіндік қалды

сыздықова
Фото: из открытых источников

Күрес түрлерінен Париж олимпиадасына соңғы іріктеу турнирі 9-12 мамыр аралығында Ыстамбұл (Түркия) қаласында өтеді. Қазақстанның әйелдер құрамасы бұған дейінгі екі іріктеу кезеңінде жалғыз жолдамаға болса да қол жеткізе алған жоқ.

 Бас бапкер Қайрат Сағадиев жолдама таратылатын соңғы сынға мына спортшылардың қатысатынын жариялады:

Лаура Ғаниқызы (50 келі), Марина Седнева (53 келі), Лаура Әлмағанбетова (57 келі), Ирина Кузнецова (62 келі), Елена Шалыгина (68 келі), Эльмира Сыздықова (76 келі).

Соңғы іріктеу кезеңінде Ғаниқызы, Кузнецова және Шалыгина бақ сынады. Лаура мен Иринаға тәжірибе жетпейтіні анық байқалса, Елена туған бауырының өмірден өтуіне байланысты тез арада өз-өзіне келіп үлгерген жоқ. Енді олар соңғы мүмкіндікті сарқа пайдаланып, олимпиада кілемінде күресуге күш салуы керек.

53 келіде ардагер Жұлдыз Ешімованы – Седнева, 57 келіде Эмма Тисинаны – Әлмағанбетова, 76 келіде Жәмила Бақбергенованы Сыздықова алмастырмақ. Жолдама иегері атану үшін қыздар үздік үштікке енуге тиіс.

Еркін күрестен Ыстамбұл кілемінде үш балуанымыз жолдамаға таласады. Олар – Рахат Қалжан (57 келі), Адлан Асқарова (65 келі) және Талғат Сырбаз (74 келі). Бұл үш балуан да Яшар Доғу халықаралық турнирінде жақсы өнер көрсетті. Бішкектегі іріктеу кезеңінде бұл салмақтарда Ерасыл Мұхтарұлы, Майыс Әлиев және Нұрқожа Қайпанов өз мүмкіндіктерін пайдалана алмаған еді. Қазір бұл күрес түрінен Қазақстан қоржынында олимпиаданың үш жолдамасы бар. Оған Азамат Дәулетбеков (86 келі), Әлішер Ерғали (97 келі) және Юсуп Батырмырзаев (125 келі) қол жеткізді.