Сұлтановтың көлігін Исекешев мініп кеткен жоқ па?
2018 жылдың 11 қыркүйегінде Астана қаласының әкімі болып тағайындалған Бақыт СҰЛТАНОВ жұмысқа жаяу қатынайды.
Ал ресми жиындарға такси жалдамақ. Бұған дейін Қаржы министрі болған шенеунік теңге құнсызданып бара жатқанда бюджет қаражатын үнемдегісі келді ме екен? Әлде, Қазақстан ұмтылатын дамыған 30 елдің шенеуніктеріне еліктегені ме?Мәселен шетелдік БАҚ бір кездері Нью-Йорк қаласының мэрі, миллиардер Майкл БЛУМБЕРГТІҢ метромен жүретінін жарыса жазғаны бар. Осындайда қазақстандық шенеунік үшін уайым жейтінің рас. Астананың аязында жұмысқа жаяу бару оңай емес қой деп. Сөйтсек әкімнің үйі жұмысына жақын екен. Әрі Үкімет басшысының орынбасары болған Бақыт Тұрлыханұлы бұрын да жаяу жүрген болып шықты. Демек, Арқаның аязына әбден еті үйреніп кеткен.«Мен бұрын да таңертең жұмысқа жаяу баратынмын. Қазір де үйім жақын. Енді, сәл айналып бару қажет. Оның жаңа жұмысыма көмегі бар. Көшемен жаяу келе жатқанда біраз кемшіліктерді көріп, тиісті тапсырмаларды беруге мүмкіндік бар. Ал күндіз осы Үкіметке және басқа да отырыстарға келгенде таксиге мінемін», — деді Б.Сұлтанов Үкіметтің бүгінгі отырысынан кейін. Былтыр 2017 жылы Әсет ИСЕКЕШЕВ өзінен бастап орынбасарлары мен департамент басшыларын қоғамдық көлікпен жүруге міндеттеген. Әйтсе де ол кездегі әкім қызметтік қымбат көліктерді аптасына 2-3 рет қана қаңтарып қоюға рұқсат берген еді.Араға бір ай өте сала Астананың Сарыарқа ауданы әкімі Арман ТҰРЛЫБЕК әлеуметтік желіге өзінің қоғамдық көлікпен жүргені жайлы жазған еді. Шенеуніктердің халықпен бірге қоғамдық көлікті пайдалануы БАҚ-та жар салынып, баяндалды.Олар автобусқа отырғандарын журналистерге жария етіп, «шаруақор» екенін көрсетуден ары аспады.2016 жылы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла ӘБДРАХМАНОВ велосипедке отырып жұртты «таңғалдырды». Оның велосипедпен жүргені және қарамағындағыларға "қаладағы қоғамдық көлік мәселесі шешілмейінше жаяу жүресіңдер" деуі журналисттерге ғана азық болып қалған-ды.Айтпақшы, мемлекет басшысы 2014 жылы шенеуніктерге қызметке шетелдік емес, Қазақстанда жасалған көлік мінуді бұйырған. «Отандық өндірісті қолдайық» деген президент сөзі біраз сарапшыны сүйсінтті. Бірақ, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ елдегі шенеуніктер армиясын толықтай отандық көлікке отырғыза алмағанда, Исекешев пен Әбдірахманов қарамағындағыларды автобусқа қалай жайғастырсын?!Астананың жаңа басшысы болса, Исекешев пен Әбдірахмановтай қарамағындағыларды аттан түсірейін деп жатқан жоқ. Тіпті, президент айтқан отандық автокөліктен де бас тартып отыр. Әлде, әкім мінетін темір тұлпар Ақорданың қасында байлаулы ма екен?Фото ғаламтордан алынды.