Әлеумет

 Светқали НҰРЖАН, ақын: «Қожа Ахмет Ясауи» орденін кім көрінгеннің көкірегінен көргім келмейді!

Көрнекті ақын, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Светқали Нұржан – айтар жерде ойын бүкпесіз жеткізетін, жазар кез­де шындықты ашық айтып, өткір пікірін ірікпей білдіретін аз зиялының бірі. Қоғамдағы ахуалдың беталысын бағамдау үшін «Жас Алаш» қаламгерді әңгімеге тарт­ты.

Светқали НҰРЖАН
«Дін – мемлекет­тен бөлек» дегенмен келіспеймін»

– Соңғы уақыт­та діни кеңістікте қоғамды алаңдататын, тіпті кейде үрей ұялататын жайт­тар жиілеп барады. Иә, біз зайырлы мемлекетпіз, дін – мемлекет­тен бөлек. Алайда шылбыры босап, бақылаудан шыға бастаған мұндай құбылыстарға қоғамның бейжай қарауы дұрыс па?

– Қазір әлемде де «дін – мемлекет­тен бөлек» деген түсінік жойылып барады. Мына Таяу Шығыс елдеріндегі, соның ішінде Ирандағы жағдай аятоллалардың таққа таласы емес, әлемдік құзғындардың боққа таласын көрсеткен сыңайлы. Белгілі ақын, марқұм Есенғали Раушанов «Талғамға талас жоқ» дегенді түсінбеймін» деуші еді. Сол айт­қандай, өз басым «дін – мемлекет­тен бөлек» деген сөзбен келісе алмаймын. Себебі «Қазақ­стан – зайырлы мемлекет» деп айтылғалы да 36 жыл болды. Биліктен кеткен адамның артынан топырақ шашқым келмейді. Бірақ 30 жыл Назарбаев әулетіне құл болғанымыз шындық қой. Ол – елімізде салафизм ағымының кең етек жаюына тікелей қолдау көрсеткен адам. Бұл ағымды 1723 жылы Британ барлау басқармасы исламды ірітіп, мұсылман елдерін жою сұмпайы сая­саты негізінде іске қосқан.

Задында, салафит­тер деген – Пайғамбар (с.ғ.с) заманындағы дінін таза ұстаушылар деген ұғымды білдіреді. Бірақ бұлар «Сол таза дінді ұстанып жүрміз» деген аяр сөзбен өздерін солай көрсетеді. Бұл сая­силанған қатерлі ағымның біздің қоғамға кіріп кеткеніне көп болды. Ал осы идеяны 30 жыл бойы қоғамға сіңіруге жұмыстанған Бекболат Тілеухан, Мұхамеджан Тазабековтер екенін әу бастан айтып келемін. Қазір де өздерінің әдемі образын жасамақ болып, әркімге ақы төлеп, әсіресе итаршы өнерпаздарға мақтатып-мадақтатып қояды. Бұлар Қайрат Сатыбалдыны араб шейхтарының жәрдемімен салафизмнің тұтқынына түсіріп, соңынан ол ағасының қолымен дүниені былғады ғой. Өкініштісі сол, олар жасаған бүкіл қылмыстың бәрі қымталып отырды. Осы жылдар ішінде қандай кесапат­тар жасалмады?! Мысалы, Таразда, Балқашта, Ақтөбеде, Алматыда, Маңғыстауда, Атырауда, Құлсарыда әлденеше рет ылаң тудырды. Осының бәрін бір ғана қоңыраумен шешіп, жабулы күйде қалдырды. Себебі бүкіл күштік құрылым оларға бағынышты еді. Кешегі Қаңтар қырғынын да солар ұйымдастырса да, жауырды жаба тоқып, Қайрат Сатыбалдыны өтірік ұстап, «экономикалық қылмыс» бо­йынша айыптап, ақыр аяғында босатып жіберді. Інісі Самат Әбішке адамзат тарихында болмаған сот үкімін шығарды. Ғұмырымда «8 жыл шарт­ты жаза тағайындалды» дегенді алғаш естідім. Өз заңымызды осыншалықты келеке етудің құны қанша тұрар екен? Күлесің бе, жылайсың ба?! Тәуелсіз Қазақ­стан тарихы, міне, осылай, неше түрлі қасірет­ті комедияларды қойып келе жатыр. Соның бір актісі осы шығар деп ойлаймын.

Светқали Нұржан
Фото: ашық дереккөз

– Жуырда имам ­Құрбанәлі Ахмет даулы сұхбатында екінші әйелін шәкіртінің біріне «сыйға» бергенін айтып, қоғамда қызу пікірталас туғызса, тағы бір әсіредіншіл «Наурыз мерекесі – ислам дініне жат мейрам» деп жұртшылықтың наразылығын күшейтті. Осындай тосын да тосқауылсыз әрекеттердің түпкі себептері мен салдары неде деп ойлайсыз? 

– Бір құшақ сақалы бар, иненің жасуындай иманы жоқ тексіздің ата-бабамыздан келе жатқан Нау­рыз мейрамын жоққа шығарып, аузына келгенді ашық айтуына кім жол берді? Топырағымыз бен қанымыздан жаралады, төрімізге шығып, нанымызды жейді, соңынан осылай қанымызды ішеді. Бұл қандай заңдылық?! «Наурыз мейрамы – Аллаға серік қосу, кәпірлердің ісі» деген не сұмдық?! Бұл мемлекет алдындағы үлкен қылмыс қой. Қылмысты қылмыс деп бағалай алмасақ, онда тамырымызға өз қолымызбен балта шаппаймыз ба?!

Құдайдың бір кісісі діндар болса, Мәшһүр Жүсіптей болсын. Ол әулиелер ұстаханасы – Бұхарадағы Көкілташ медресесін бітіріп, аты әйгілі Айжарық Айтілеуұлы, яғни дамолла Қамараддин хазіреттен, Исабек ишаннан, басқа да ғұламалардан дәріс алып, «Тумай аты жазылған, шаппай ізі қазылған» демекші, небәрі 8 жасында ілім-біліміне таңғалып, әйгілі Мұса Шорманов азан шақырып қойған Адам Жүсіп деген атын өзгертіп, Мәшһүр Жүсіп атаған. Наурызды «қазақтың сыбағасына тиген жалғыз мейрамы» деп атап, оны Ұлыстың ұлы күні, береке мен жаңарудың бастауы ретінде жоғары бағалаған. Яғни «Басқа мерекені тойламасаң тойлама, Наурыз мерекесін дүркіретіп атап өту керек» деген. Себебі Наурыз, яки Ұлыстың ұлы күні – адамзаттың ең ұлық, ең ұзақ өмір сүрген мерекесі. Шәкәрім әулие Ұлыстың ұлы күні бұрынғыша 1 наурыз, кейінгі календарь бойынша 14 наурызда басталатынын соқырға таяқ ұстатқандай қылып айтып, жазып кеткен ғой. Ендеше, осы ақиқатты ұстанғаны үшін батыстағы қазақтар неге «жазықты» болмақ?

Біз тілімізді – орысқа, дінімізді – салафиттерге бердік. Кенімізді әркімге үлестірдік. Әлемдік алпауыт компаниялармен біріккен кәсіпорындарымызда Қазақияның үлесі, шауып шыққанда, 10-12 пайыз ғана! Енді жерімізді жең ұшынан жалғасып Қытайға ұстатып жатырмыз. Ең болмағанда, жыл бастауы – жаңа жылымызды өзіміз иемденейік те! Неге оны парсылық Наурыз мейрамына жетектетіп қоюымыз керек? Неге өз ақиқатымыздан шіміркеніп, болмыс тамырымыздан безінуге құмармыз? Біз деген «Ақ Еділдің сағасы – Ақ сауыттың жағасы» едік қой. Неге соншама сорлап қалдық? Неге тезірек есімізді жинап, етегімізді жаппаймыз?

Ал әйелін шәкіртіне «сыйлап жіберген» пір-сымақтың ұстанатыны Өзбекстандағы Нақышбандия тариқаты жолынан бөлінетін діни ағым. Мұның орталығы – Қоқанда. Ал бас штаб-пәтері – Лондонда. Бұл ағым – Ясауи жолын бұзу үшін қолдан жасалған, жолдан кіргізілген сопылық тариқат. Оның басында тұр деп есептелетін Бахауаддин Нақышбанд Бұхарада жатыр. Ал Бұхарада туған, Бұқара-и шәріпте, Сайрамда дәріс беріп, сонда жерленген ­Бахауаддин Бәлегәрдан бәле қайтарушы, «жеті өлікке жан берген» әулие. Кейін нақышбандия тарихаты ресми билікке ықпалы әбден жүрген кезінде күллі сопылық тарихат­тар тарихы трансформацияланған. ­Бахауаддин Нақышбандтың артында ешқандай еңбек қалмаған. Оның тарихатының барлық баптарын, яки теориясы мен практикасын «Мактубат» атты кітабымен негіздеп берген имам Раббани Ахмет әль-Фаруки. 

Жалпы, тамыры шетелден тарайтын кез келген діни қозғалыс ешқашан опа таптырмайды. Қазақты көгертетіндер – Құдайдан басқа панасы, қазақтан басқа қарасы жоқ төл ілім ғана.
Құрбанәліге келсек, оның шәкірт­терінің біздің ел-жерімізді сойқандап-майқандап бастағанына талай болды. 2000 жылдардың ортасында олар Бейнеуде елдің 12 буаз түйесін ұрлап сойып жатқан жерінен ұсталды. Одан кейін Олонхович атты көлігі бұзылып тұрған жолаушыны ұрлап әкетіп, зынданға қамап, «дінге кіргіземіз» деп қорлап жатқан жерінен қолға түсті. Бұлардың бұдан да басқа бұзғын әрекеттері жетерлік. Ақыры мынау, мал құлағы саңырау, «пірлерінің» әрекеттері өз аузымен дүниеге жария болды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әйелін қызғанбайтын Құрбанәлі сияқтыларды «дәйіс» деп атаған. Некелі жарын біреуге «сыйлап» жіберуден асқан нәйістік бола ма? «Пірдің, яки өзінің рұқсатынсыз Әзірейіл ешкімнің жанын ала алмайды» деп сандырақтайтын осынау неменің мүриттері біздің елімізде де өте көп.

Депутат Ермұрат Бапи: «Адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам сау­дасы санатындағы қылмыс саналуы тиіс. Заңды белшесінен басып, ойына келген шариғатын шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек», – деп дұрыс айтты. Елдік санадан жұрдай, иманнан шет осындай жанды пір тұтып, аяғын жуған суын ішіп, соңынан ерген қаншама жігіт жүр. Бұлар біздің әулие­лерді сол жолды ұстанған қылып, жалған шежірелер жасап таратады.
Көрші Өзбекстан осынау нақышбандиттік жолды өздеріне рухани ұстын ретінде бағалайтыны мәлім. Ал қазақ азаматтары басқа бір елдің мемлекеттік идеологиясын неге бізге тықпалайды? Қазақстанның өз ұлт­тық идеологиясы мүлдем басқа ғой. Президент Қ.Тоқаев: «Біз бәріміз әйгілі Қожа Ахмет Ясауиді бірегей ғұлама ғалым әрі өркениеттанушы ретінде еліміздің әрбір аймағында және шетелде де кеңінен дәріптеуіміз керек. Сонымен бірге оның құндылығы аса зор бай мұрасын өзіміз де барлық тұрғыдан жан-жақты зерттеуіміз қажет», – деді. Тіпті түркі әлемінің рухани көшбасшысына құрмет ретінде мемлекеттік наградалар қатарына «Қожа Ахмет Ясауи» ордені қосылып, 2026 жылдан бастап Республика күні қарсаңында алғаш рет тапсырылатын болды. Мұның бәрі тегін бе? Біздің идеологиялық темірқазығымыз осы емес пе? Ясауи бабамыздың ілімі тұрғанда неге басқаны пір тұтуымыз керек? Біз сол кәусар бұлаққа бас қоймай, неге жұрттың сасық аяғын жуған суды ішуге құмармыз? Осыған санасы сау қазақ балалары жауап берсінші?

Светқали Нұржан
Фото: ашық дереккөз

«Елде сұс, ерде мыс болмаса...»

– Қоғамды жаңылысты­ратын, әсіресе діни мазмұндағы жалған немесе бұрмаланған ақпарат тарататындарға тек айыппұл салумен шектелмей, бұдан да қатаң құқықтық тетіктер қолдану қажет пе? Мұның бәрі «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның солқылдақтығынан емес пе? 

– Алдыңғы жылы Парламентте Ермұрат Бапи, Қазыбек Иса, ­Аманжол Әлтаев, Еділ Жаңбыршин бастаған депутаттар заңды қатаңдату жөнінде мәселе көтерген еді. Бірақ «дайындалып жатыр» деген заң әлі жоқ. Демек, әлі күнге ­Назарбаев пен оның қолшоқпарларының және билік буындарына еніп алған салафиттердің ықпалы зор деген сөз. Міне, бұдан кейін де «дін – мемлекеттен бөлек» деп қол қусырып отыруымыз керек пе? 
Қазір үгіт-насихат жүргізіп, діни уағыз айтуға тыйым салынды. Бірақ оны кім тыңдап жатыр? Қайдағы бір сайтан-сақал ұстаз-сымақтар ұрпақ санасын атала қылып, ютуб арналарда сайрап отыр. Қоғамдық орындарда бетті толық жабатын киім киюге тыйым салып еді, оған да ешкім пысқырып қарап жатқан жоқ. Қазір де көшеде қарсы алдымнан біреуі өтіп барады. Арғы жағынан көзі ғана жылтырайды. Ол адамның көзі ме, жыланның көзі ме, белгісіз. Хиджабының ішінде бомба жатыр ма, басқа нәрсе бар ма, кім біледі? Қоғамдық орындарда, саябақтарда тапа-тал түсте қара жамылып солар отыр. Оған ешқандай заңның әрекет-күші болмай тұр ғой. Заңның күші болмаса, елдің сұсы, ердің мысы бола ма? Елде сұс, ерде мыс болмаса, төрімізді кім көрінген майқандамай ма?

– Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы қандай жұмыс атқарып отыр?

– Білмеймін. Діни басқармамен байланысым шамалы. Тіпті сәті түскенде болмаса, мешіттерге де бара бермеймін. Шәкәрім қажы «Мен мешітке бармады деп сөкпе, сопы-молдалар» деген екен. Үйім – ақ мешіт. Құлшылығымды үйімде жасаймын. Себебі мешіттердегі көздері мұздай, сақалдары бір құшақ, Құдайға бірдеңесін өткізіп қойғандай талтайып тұрып намаз оқитын, бет-аузында иманның ізі жоқ ­инси-шайтандарды көргенде жүрегім қара тас болып қалады. 

– Сіз «Билік қайда қарап отыр?» дегенді айтып қалдыңыз. Дегенмен өзіңіз де Құрылтай төрінде болып, елдік мәселелер талқыланған ортада төбе көрсеттіңіз. Президент ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарына тоқталған кезде, сіздің жымиып күлген реакцияңызды әртүрлі қабылдағандар болды. Керісінше, сол мінберде қоғамды толғандырған өзекті мәселелерді ашық айту мүмкіндігі туған жоқ па?

– Талай айттым ғой. Сыр бо­йындағы жиында да «Бетімен кеткен діни ағымдарға шектеу болмай ма?» деп мәселе көтердім. Басқа да көтерілген шетін мәселелер аз емес. Не айтқанымды әлеуметтік желіде де жарияладым. Ал енді сол жиында «миығыңнан күліп отырдың» дейсің бе, бәлкім, жылап отыруым керек пе еді. Күліп отырсам, бірнәрсе есіме түскен шығар. Бәлкім, ол Абай атам айтқан «ызалы күлкі» шығар? Себебі айналамнан қазаққа титтей болса да жаны ашымайтын біреулерді көрдім де, ішімнен ызаланып, күйзелдім. «Ұлттық Құрылтайдың төрінде мыналар отырғаннан кейін саясаттың да жеткен жері осы екен ғой» деген мысқыл ой келгені рас. 

– «Біз – мемлекеттік шекарамызды бекіткенмен, ішкі рухани шептерімізді ашық қалдырған елміз. Соның кесірінен де қазіргі ақпараттар топанына, түрлі сайтани агрессияларға қарсы рухани қорғаныс ұйымдастыра алмай отырмыз. Содан да ұрпағымыз отаршылдар тілінде сөйлеп, салафит­тер «дінінде» гөйлеп кетті. Оның қарсысына қазақтарды «қалмақтандыруға» бағытталған «тәңір» атын жамылған ватикандық жоба да белсенді әрекет үстінде», – депсіз.  Бұған дейін салафит­тік ағымның Қаңтар қырғынына қатысы бары айтылды. Демек, баз біреу­лердің «тәңіршілдік Қаңтар қырғынынан да қауіпті» деген пікірімен келісесіз бе?

– Мен бұлармен өмір бақи күресіп келемін. Себебі тарихын, одан төнетін қауіп-қатерді жақсы білемін. Қоғамдағы болып жатқан кесапаттың көбі дін атын жамылғандардың қолымен жасалып жатыр. Көзіңді ашып, көңіліңді сергітіп, жан-жағыңа қарасаң, айналаны қара тұман тұтып тұр.
Жалпы, тәңіршілдік деген дін жоқ. Тәңірлік таным бар. Ол таным да Тәңірдің бірлігіне шек келтірмеген. Ал кейінгі «тәңіршілдік» доктринасы Еуропаның түнегінде жасалған. Миссионер Ильминскийлердің: «Сендер мұсылман болмағансыңдар, бұл зорлықпен енгізілген дін. Ислам сендердің мәдениеттеріңді жойған, шынында, сендер тәңір дінін ұстанғансыңдар» дегенді қырғыз-қайсақтардың санасына сіңіре беру керек. Ол күндердің-күнінде өз жемісін береді», – деген хаттары бар. Міне, сол зұлым саясат нәтижесін беріп жатыр. Бізді дінсіздендіру үшін жасалып жатқан үлкен күштің сойқаны да осы. Мәселен, салафизм ағымы салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды, қазақты қазақ қылып тұрған қасиеттің бәрін жоюға соғыс ашты. Бекболат Тілеухан «Жұмадағы жүздесу» хабарында екі жарым жыл бойы «Анау ширк, мынау биғадат» деп оталап отырды. Ширк – әулиеге құрмет қылғаннан болмайды, нәпсіңді тыймағаннан болады. Сені нәпсі билесе, шайтан үстемдік құрды деген сөз. Шайтанды тыңдасаң, нәпсі иелік етеді. Сосын Құдайды ұмытасың. Міне, серік қосу деген сол.

– Дегенмен қазір билікте, депутаттар арасында да сопылық ілімді насихаттап жүргендер отыр емес пе? 

– Отырса, не болады? Олар Өзбекстанның идеологиялық жолын насихаттамаған шығар? Ал, ендеше, Қожа Ахмет Ясауи ілімін насихат­тағаны үшін Абайды, Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіпті, бүкіл жырауларымыз бен кітаби ақындарымызды, өмірден өткен ғұламаларымыздың атын өшіріп, еңбектерін жойып жіберейік пе? Оларды Совет өкіметі де жоймақ боп көріп еді ғой. Сондағы шыққан ұшпағымыз қайсы? Ясауи ілімін алға тартпасаң, әлгіндей тұтас ұлт-ұрпағыңды жалмауға келе жатқан жойқын күшке немен қарсы тұрасың? Әзірет Сұлтан жолын ­Назарбаев талқандады ғой. Ең соңында белгілі азаматтарды түрмеге тоғытып қойып, 2011 жылдың сәуірінде Түркістанда өткен зиялы қауыммен басқосуында: «Қытайлар Конфуций іліміне сүйенсе, біз Ясауи іліміне сүйенеміз» деген әңгімені өтірік айтқанын да білеміз. Бұл оның қазақ ұлтын алдарқату үшін айтылатын тәсілі болатын, ал іс жүзінде салафиттердің біздің топырағымызға тамырлануына бүкіл жағдайды жасады. Оның бұл «еңбегі» ертелі-кеш өз бағасын алуы тиіс. Бірақ Қ.Тоқаев Ясауи туралы тектен-тек айтып жүр деп ойламаймын.

Светқали мен Тоқаев
Фото: turkystan.kz

«Мемлекеттік марапат – менің аузыма салынған құлып емес»

– Әлгінде «Қожа Ахмет Ясауи» ордені тағайындалғанын айттыңыз. Қазір өзі, ақын Иран-Ғайып айтатын «Сыйлық маған керек емес, мен сыйлыққа керекпін» дейтіндер азайған заманда атақ та, медаль да көбейіп кеткен жоқ па? 

– Иә, бұл көптен бері айтылып жүрген мәселе. «Медальдің де, орденнің де қадірін кетірдік» деп жатыр. Мысалы, кезінде соғыстан кейінгі жылдарда «бесжылдықтар балғасын солқылдата соғу» үшін «социалистік еңбек ерлерін» қаптатты ғой. Сол кезде 18 жастағы колхозшы қызға дейін берген екен осы атақты. Әрине, еңбектің бағаланғаны теріс емес. Оның ішінде қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетілуін құптаймын. Дегенмен «Көз көргенін, көсеу түрткенін істейді» демекші, баяғы кеңестік билік мектебінен шыққандар әлі де билік буындарында бар. Олар «сонымен жұрттың көңілін аулаймыз» деп ойлайтын шығар. «Кейбіреулердің аузын сонымен құлыптап қоямыз» дейтін де болар. Менің кезінде «Мемлекеттік марапат – менің аузыма салынған құлып емес» деп жазғаным бар. 

Ал Қожа Ахмет Ясауимен ойнау­ға болмайды. Ол – Әулиелер ­Сұлтаны, күллі дүниенің темірқазығы. Құдайдың нұрын шашқан, түркілік байырғы таным мен ислам канондарынан ортақ симбиоз жасап, түркі тілін ілім мен білімнің, өнер мен әдебиеттің, саясаттың тіліне, халық­аралық тілге айналдырған теңдессіз тұлға. Сөйтіп түркі халқын қайтадан дүние жарығына бөлеген адам. Соның арқасында көптеген мемлекет аман қалып, аман қалғаны былай тұрсын, іргелі елге айналған. Дүниенің жартысын билеген ұлық ұлыс Алтын Орда болсын, 623 жыл салтанат құрған Осман империясы болсын, сол ұлық кісі үйреткен ұлы ғылымның арқасында көгеріп-көктеген. Көңілімде: «Адамзаттың абзалының атына берілетін орденді ертең кім көрінген тағып кетпесе екен» деген қорқыныш бар.

Егер айтқан жерден аулақ, сондай жағдайлар кездессе, бұл қасиетті қашыру үшін жасалған шаруа болып қалады. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды, бірақ, мысалы, қазір кейде «Парасатты» парасаттан жұрдай жандар тағып жатқаны жасырын ба? «Барысқа» ішінара мысық құрлы қасиеті жоқтар ие болып жүргенін де жоққа шығара алмассың. «Құрмет» ордені талай құрметсіздерге берілгенін де көріп жүрміз. Олардың алған атағын қызғанып тұрған ештеңем жоқ. Жалпы, мен ешкімнің атақ-абыройын, дәулет-көркін қызғанудан мүлде ада жанмын. Алайда, жоғарыда айтылғандай, дә­йіс емеспін.

Құдайға ұнайтын бір-екі қылығым болса, осыларым шығар деп үміттенем. Бірақ әр нәрсенің өз салмағы, орны болуы керек деп есептеймін. Құндылықтарымыздың бағасын түсіруге хақымыз жоқ, бағасы түссе, қандай қасиетіңнің де мән-мағынасын, дәреже-салмағын өз қолыңмен жұрдай қыласың. Сол сияқты ертең Ясауи бабамыздың орденін кім көрінгеннің көкірегінен көргім келмейді! Көріп жатсақ, қара жер болмаймыз ба?! 

– Премьер-министрдің орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі, Аида ­Балаева «30 жылда бір автордың кітабы 100, 200, тіпті мың рет шыққан деректер бар. Атауын өзгертіп, қайта-қайта шығара береді», – деген еді. Бұған не айтасыз? Сіз кітаптарыңызды қалай шығарып жүрсіз?

– Құдай өзінен басқаға алақан жайғызбасын, жайғыза да қоймас. Мемлекеттік тапсырыспен 2008 жылы «Жазушы» баспасынан «Ай таранған түн», одан кейін «Жастықтың жазғы жайлауы» атты кітабым шықты. Сосын 2020 жылы Генрих Гейненің өлең-балладаларынан «Теңіздегі дауыл» атты аударма кітабым жарық көрді. Соңғы екі кітапты сөреден ғана көрдім, қолыма тимеді. Жалпы, шығармашылығым оқырманға түгел жол тартқан жоқ. 5-6 томдық поэзиям там-тұмдап шықты, әлі 10 томдық поэзиям, оның ар жағында 16 томдық басқа дүниелерім мұрты бұзылмай дайын тұр. Біріншіден, оны шығаратын қаражатым жоқ. «Кітабымды шығарып бер, соның жолын тауып, шешіп бер» деп ешкімге салық салмаймын, мойнына асылмаймын. Екіншіден, азбайтын, тозбайтын, ұлтқа керек дүниелер жаза алсам, тірімде шықпаса, өлген соң жарық көрер.

Светқали Нұржан
Фото: ашық дереккөз

«Путин зікір салуға рұқсат берді»

– Ұстазыңыз ­Исматулла мақсым Путинге видео жолдап «Путинжан, ­Путин бауырым, сен әлемге ­Маһди болып келдің... Құдайдың жіберген елшісісің» деген еді. Тағы бірде Санжар Керімбаймен әңгімеде «Бізге орыс жақын. Бәрі Путинді жамандайды, жамандай берсін. Мен Путинді сүйемін» дегенді айтады. Сіз де ­«Путинді қолдаймын, батыстың лас идеологиясынан халқын қорғап отыр» депсіз. Бұл қолдау-қолпаштаудың астарында не жатыр? 

– Ақыры ашығына көшкен екен­біз, әңгіменің басын ашып ала­йық. Біріншіден, Исматулла мақсым ешқашан Путинге «Сен Маһдисің, Құдайдың елшісісің» деген жоқ. Бұл – дұшпандарының жаласы. Ол жалаға өзің де ермей-ақ қойсаң дұрыс болады. Алайда мақсымның: «Маһди Сібірде отыр. Сәтті сағатта ортамызға келеді. Әлемді мейірім мен махаббатқа, ынсап пен қанағатқа толтырады. Күллі соғыстар мен бәлекеттерді тоқтатып, жаманшылықты жояды», – дейтіні рас. Тіпті бұл сөздерін үш жыл бұрын, Ресейде ислам дінінің пайда болғанына 1200 жыл толуына байланысты Татарстанда өткен жиында күллі ислам әлемінің дінбасыларының алдында тұрып та айтты. Оған «мұның қате» деген ешкім болған жоқ ол жерде. 

Исматулла мақсым – Әзірет ­Сұлтанның жолын сақтап қалған, Ауғанстанда өскен қазақ. Әкесі Совет өкіметінің жойдасыз жауыз саясатына қарсы соғысып, 1931 жылы сол жаққа өтіп кеткен. Мақсым Ауғанстанда жүрген 1970-80 жылдары: «Осындай уақытта Қазақстан тәуелсіз мемлекет болады. Мен өз отаныма барып, Алланың дінін жаямын», – дегенде, тумалас қазақтары ол кісіні «жынды мақсым» деп атаған. «Орыстың табанының астында жоқ болып кеткен қазақ ұлты дербес мемлекетке айналады деп елдің басын қатырып жүр» деп мазақ етіп күліпті. Осы сөздерді айтқан, айтып ем деп мойындаған жандарды өз көзіммен де көрдім. Демек, Құдайдың хақ жолында күні-түні Аллаға зікір айтып, еңіреп жылап: «Қазақстанның бір сүйем жері – 18 000 ғаламға тең» деп отырған адамның қандай сырды біліп, нендей ақиқат­ты ашып отырғанын сен екеуміз әл-әзір түсінбейміз.

Мысалы, Путин мұсылман дініне қатысты 100 жыл бойы салынған тыйымдарды алып тастады. ­Бухаридің хадистерін шығарды, бүкіл мешіттерде Ақшам намазы кезінде зікір салуға рұқсат берді. Бар айыбы салафит сұмпайылардың жолына кедергі болғаны үшін ­Назарбаев 70-тен асқан жасында 14 жыл темір торға тығып, одан 80 жасында шыққан, өз Отанында зікір салуға тыйым салғанына күйзелген ақсақал кешегі ата-бабасын қырып-жойған, діні үшін өздерін отанынан бездіріп жіберген Ресейдегі осынау жаңалықтарды көргенде қандай көңіл күйде болуы керек?! Орнында өзің болсаң, қайтер ең? Өз елінде босағадан басқа орын тимеген, түрменің төрінен басқа «құрмет» көрмеген, бірақ сол түрмеден босаған бойда Ресейдегі ислам дінінің 1200 жылдығына, Татарстандағы мүфтияттың 40 жылдығын атап өтуге арнайы шақыртылып, сол алып елдің төріне шыққан адамның жүрегі тас емес қой. Бәлкім, сол құрметке алғыс айтқаны шығар. 

Мәселе – Путинді қолдағанда емес. Әрі-беріден соң, Құдай әлемдік алапат күштерді теңестіріп, бір-біріне қарсы орналастырып, соның себебінен әлсіздерді сақтамаса, сенің күнің бір уыс болмай ма? Қандай қау­қарымыз бар, соны ойлашы. Басқа қарулар түгілі, қаңғыған дрондарды қағып түсіретіндей мүмкіндігіміз бар ма? Әрине, жоқ. Өткен жазда он екі күндік соғыста соның біреуі Маңғыстауға түсті. Жақында Оралға да жетті. Алла Тағала бізді ненің күшімен сақтап тұр? Шәкәрім қажы: «Заманды себеп билейді, Күштіні де илейді, Кейде әлсізге тимейді, Қоя тұршы сақтап-ақ...» дейді. Ресейдің әскери әлеуеті болмаса, мына жақта Қытай, мына жақта айдың-күннің аманында келісім үстелінде отырып қырғын ұйымдастыратын АҚШ сені аяйын деп отыр дейсің бе? Бәлкім, осынау алмағайыпта Құдай бізді – мүміндердің дұғасы, ғәріптердің зікірлерінің арқасында аман алып қалып отырған шығар. Кім біледі? Өзін тани алмай жүрген міскін пенделердің Құдайдың асыл сырлары мен құпия заңдарына «үкім» шығара беретіні қызық. 

– Өзіңіз зікір саласыз ба?

– Мүмкін болса, салуға тырысамын. Кәләм-Шәріпте: «Алланы өте көп зікір ет» демей ме?! Ата-бабаларым, әулие ақсақалдар «Зікір сал» деп және қалай салу керектігін де қапысыз аманаттап айтып кеткен. «Жария зікір, салауат мешіттің ішін гүл ететінін» «Алашқа даңқы жа­йылған, қайыртпай кеткен» Қашаған Күржіманұлы да, биыл 150 жылдығы тойланып жатқан халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлы да қанша рет құсни сөздің құдіретімен тәпсірлеп кеткен. Өмір Қараұлы дейтін атам: «Алланың асыл құлдары Зікір айтып зарлаған, – Пікір етіп барлаған, – Шүкір етіп шыдаған, – Өз нәпсісін сынаған, – Сөйтіп Хаққа ұнаған» депті. Ендеше, одан мен неге қашуым керек? Көкірек көзімді ашатын болса, иманымды күшейтіп, рухымды нығайтса, сенімімді берік қылып, жүрегімді жұмсартса, туған еліме деген махаббатымды одан сайын еселеп арттырса, неге бұл ғибадаттан қашуым керек?! 

Сұхбаттасқан 
Динара Мыңжасарқызы

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз