Тағы бір шенеуніктің әйелі күйеуінен қорлық көргенін айтып, көмек сұрады
Қазақстандық дипломаттың әйелі күйеуінен 10 жыл бойы қорлық көргенін айтты. Бұл туралы «NeMolchi kz» зорлық-зомбылыққа қарсы қоғамдық қорына БАӘ-дегі елшілік кеңесшісінің әйелі Карина Мамаш хабарлаған.
Ол түсірген видеода бетіндегі соққы іздері анық байқалады. Каринаның айтуынша, 5 мамыр күні күйеуі өзіне қонаққа келген үлкен әпкесі мен оны ұрып-соққан. Әйел өзі үшін де, балалары үшін де қорқатынын айтып, барлығы «қауіпті жағдайда екенін» жеткізді.
Мен Мамаш Карина Госманқызы, БАӘ-дегі елшіліктің кеңесшісі Мамаш Сәкен Тәшкенбайұлының жұбайымын. Мен 10 жыл бойы зорлық-зомбылыққа ұшырағанымды мәлімдеймін... Күйеуімнің маған жасаған барлық қиянаты үшін дипломатиялық мәртебесінен айырылып, түрмеге жабылғанын қалаймын, деді ол.
Ол физикалық, жыныстық, эмоционалдық, экономикалық, және тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айтып отырмыз деп түсіндірді. Карина мемлекеттен көмек, Сәкенді дипломат мәртебесінен айыруды және заң бойынша жауапкершілікті талап етеді.
БАӘ-дегі Қазақстан Елшілігінің ресми сайтында қызметкерлер туралы ақпарат жоқ (елшінің өзінен басқа), алайда 2021 жылғы қаңтардағы құжаттарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде депутаттарды сайлау жөніндегі комиссиясының төрағасы болып Мамаш Сәкен Тәшкенбайұлы көрсетілген.
Бұл жағдайға байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі БАӘ-дегі елшіліктің кеңесшісі Сәкен Мамашты кері шақырып жатқанын хабарлады.
«Біз бұл қызметкерді Қазақстанға шұғыл шақырып жатырмыз. Енді оның ісімен құқық қорғау органдары айналысатын болады», - деп хабарлады ведомства.
Фото: NeMolchi kz