спорт

Талдықорғанда ауруханаға жатудан бас тартқан 23 жастағы спортшы қайтыс болды

Талдықорғанда 23 жастағы спортшы Аян Тұрдыбектің өліміне қатысты мән-жай анықталып жатыр. Туыстарының айтуынша, оған бірнеше рет медициналық көмек көрсетілгенімен, ауруханаға жатудан бас тартқаннан кейін сол түні жағдайы күрт нашарлап, көз жұмған.

Аян Тұрдыбек

Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлады.

Марқұмның құрбысы Гүлім Бектұрғанованың айтуынша, жағдайы нашарлаған күні олар бірден жедел жәрдем шақырған. Келген дәрігерлер науқасты қарап, тамағына назар аударып, қызу түсіретін дәрі қабылдауды ұсынып, кетіп қалған.

Кейін жағдайы қайта нашарлаған соң, қызды өздері ауруханаға жеткізген. Алайда көпсалалы ауруханада, туыстарының сөзінше, тіркеудің жоқтығына байланысты қабылдамай, облыстық ауруханаға жіберген.

Онда дәрігерлер жағдайды инфекциялық деп бағалап, инфекциялық ауруханаға жолдаған. Бұл мекемеде оған екі рет тамырына дәрі егілген. Біраз уақыттан кейін жағдайы жақсарғандай болғанымен, кейін қайта нашарлап, өңі қашып, ерні көгерген.

Сондай-ақ науқастың ауруханаға жатудан бас тартып, қолхат жазғаны хабарланды. Алайда сол түні оның жағдайы күрт нашарлаған. Туыстары қайта жедел жәрдем шақырғанымен, шұғыл түрде облыстық ауруханаға жеткізілген қыз есін жимастан көз жұмған.

Марқұмның туыстары медициналық көмек уақытында көрсетілмеген болуы мүмкін деп есептеп, дәрігерлердің салғырттығын жоққа шығармайды. Олардың айтуынша, өлім туралы қорытындыда «белгісіз заттан улану» деп көрсетілген.

Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 9 сәуір күні сағат 18:16-да Аян Тұрдыбекке алдын ала «жедел респираторлық вирустық инфекция» диагнозы қойылып, тиісті ем тағайындалған.

— Кейін науқас өз бетінше облыстық инфекциялық ауруханаға жүгінді. Онда қажетті медициналық көмек көрсетіліп, стационарлық ем ұсынылды. Алайда ол ауруханаға жатудан бас тартып, жазбаша түрде қолхат қалдырған, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Кенжегулова.

Оның айтуынша, түнгі 03:49-да жедел жәрдемге қайта шақырту түскен. Дәрігерлер шұғыл көмек көрсетіп, науқасты облыстық ауруханаға жеткізген. Сол жерде өлім тіркелген.

Полиция мәліметінше, 23 жастағы Талдықорған тұрғынының өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

— Қазіргі уақытта құзырлы органдар тексеру жүргізіп жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қосымша ақпарат тексеру нәтижесіне қарай беріледі, — деді Алмагүл Кенжегулова.

Спорт басқармасының хабарлауынша, Аян Тұрдыбек күреспен айналысып, самбо бойынша өңірлік жарыстарға қатысқан.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз