Ташиев қылмыстық іс аясында алғаш рет жұрт алдына шығып, Жапаровты мақтады
Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиев өзіне қатысты қылмыстық іс қаралып жатқан кезде көпшілік алдына шығып, президент Садыр Жапаровтың саясатын жоғары бағалады.
Қырғызстандық пабликтерде Ташиевтің ұзақ үзілістен кейін алғаш рет жұртшылық алдында көрінген видеолары тарады. Оның жақтастары жариялаған жазбалардың бірінде саясаткер Ыстықкөл облысындағы Қызыл-Туу ауылында футбол алаңының ашылуына қатысып, жас футболшылармен кездескен.
Тағы бір видеода Ташиев қиын жағдайға тап болған отбасыларға арналған қайырымдылық бағдарлама аясында салынған жаңа үйдің кілтін бір отбасыға табыстап жатыр.
Жаңа қоныс иелерін құттықтау кезінде ол президент Садыр Жапаровтың тұрғын үймен қамтамасыз ету саясатына тоқталды.
– Мемлекетте қандай саясат жүріп жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар: әр адамның өз үйі болуы керек. Мемлекет басшысы Садыр Нұрғожоұлының кеше Ошта ипотекалық үйлерді пайдалануға бергенін көрген шығарсыздар. Қара-Сууда да тұрғын үйлер ашылды. Ошта – 600 адам, Қара-Сууда – 400 адам баспаналы болды. Мемлекеттің саясаты осындай. Тұрғын үй мәселесінен қиналып жүрген әрбір отбасы өз үйіне қол жеткізуі тиіс, – деді Ташиев.
«75 ісі» бойынша сот жалғасып жатыр
Еске салайық, Бішкектегі Бірінші май аудандық сотында қоғамда үлкен резонанс тудырған «75 ісі» бойынша сот процесі жалғасуда. Іс фигуранттарының бірі – Қамшыбек Ташиев.
Оған «билікті күшпен басып алу немесе ұстап тұруға әрекет жасау, конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттер» және «қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» баптары бойынша айып тағылған.
Іс материалдары құпия белгісіне ие болғандықтан, сот отырыстары жабық режимде өтіп жатыр.
Биылғы 10 ақпанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өзінің жақын серігі әрі досы Қамшыбек Ташиевті барлық қызметінен босатты. Президент әкімшілігінің мәліметінше, бұл шешім мемлекеттің бірлігін нығайту және қоғамдағы, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасындағы алауыздықтың алдын алу мақсатында қабылданған.
Бұған дейін Жапаровтың баспасөз хатшысы Ташиевтің жақын ортасындағы адамдар депутаттарға хабарласып, оларды «генералдың жағына шығуға» және «жаңа президент сайлауын бастауға» үгіттегенін мәлімдеген болатын.