Тәшиевке қатысты үкім бойынша дау жалғасып жатыр
Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Камчыбек Тәшиевтің адвокаты Икрамидин Айткулов бірінші инстанция сотының үкіміне апелляциялық шағым дайындады.
Бұған дейін Тәшиев, бұрынғы бас прокурор Құрманқұл Зулушев, парламенттің экс-спикері Нурланбек Тургунбек уулу және тағы бес бұрынғы шенеунік билікті басып алуға әрекет жасады деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айрылған. Сонымен қатар оларға 3 жылдық пробациялық бақылау тағайындалды.
Қорғау тарапы үкімді заңдық тұрғыдан негізсіз деп санайды. Адвокаттардың айтуынша, сот нақты дәлелдердің орнына болжамдарға сүйенген және қылмыс қалай жүзеге асырылуы тиіс болғанын нақты көрсетпеген. Қорғаушылар президент Садыр Жапаровтың өкілеттік мерзіміне қатысты құқықтық пікірталастарды билікті күшпен басып алуға дайындық ретінде бағалауға болмайтынын алға тартады.
Сонымен бірге сот шешіміне Қырғызстанның Бас прокуратурасы да шағымданды. Мемлекеттік айыптаушы бұған дейін «75 ақсақалдың хаты» ісі бойынша айыпталушыларға 9 жыл нақты бас бостандығынан айыруды сұраған. Сондықтан прокуратура сот үкімін тым жұмсақ деп санап, жазаны күшейтуді талап етті.
Кезекті сот отырысы 13 тамызға кейінге қалдырылды. Бұған қорғау тарабына прокурордың апелляциялық шағымымен танысу үшін уақыт қажет болғаны себеп болған. Резонанс тудырған іс бойынша сот отырыстары негізінен жабық форматта өтіп жатыр.
Іс қоғамның ерекше назарында. Сарапшылар сот процесінің созылуы мен отырыстардың кейінге шегерілуі тараптардың әрқайсысына белгілі бір деңгейде тиімді болуы мүмкін екенін атап өтті.