Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:03, 25 Қазан 2023

ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ «ҒАЗАУАТ СОҒЫСЫ» және ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ҚАБІР

2
Фото:

7 қазан күні ХАМАС радикал тобы (АҚШ, Еуропа елдерінде ХАМАС – террористік ұйым) Израиль жеріне баса-көктеп кіріп, мыңнан аса адамды өлтіріп, кемі екі жүзін кепілге ұстап әкеткен соң Тель-Авив жылдам қимылдап, Газа секторымен шекараға 300 мың сарбаз, мыңдаған ауыр техника шоғырландырған. 

Әлем ақпарат құралдары Израиль алдымен Газаға әуеден шабуылдап, соңынан әне-міне жаяу әскерін кіргізеді дескен. Израильдің өзі де сондай мәнде мәлімдеме жасап, «Меркава» танкілерінің шынжыр табаны Газа көшелерін тас-талқан етеріне күмән қалдырмаған. Жоқ. Екі аптадан асса да жаяу әскер шекарадан өтпеді. Команда күтіп әлі тұр. Ал Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен кездесуінде «соғыс ұзаққа созылады» деп мәлімдеді.

 

ИЗРАИЛЬ ГАЗАҒА НЕГЕ БАСЫП КІРМЕЙ ТҰР?

Бұл сұраққа нақты жауапты Израиль билігі ғана біледі. BBC агенттігі негізгі үш факторды атайды: АҚШ-тың алаңдауы, Иранның қаупі және гуманитарлық катастрофа.

Израильдің мыңдаған сарбазы Газаға бүгін-ертең кіреді деп отырғанда Ақ үй қожасы аяқастынан Тель-Авивке жол тартты. Джо Байден келген күні Газадағы Әл-Ахли ауруханасында жарылыс болып, кемі 500 адам опат болғаны туралы айтылып, іле-шала жер жүзінде Палестинаны қолдаған митингілер көбейді. ХАМАС оны Израильдің ракетасы етіп көрсетіп, ақпараттық соғыста алға шыққан. Израиль «аурухананы атқан біз емес» деп қанша дәлелдеуге тырысса да қансыраған балалардың, аңыраған әйелдердің видеосын көрген мұсылман елдері еврей билігіне сене қойған жоқ. Израиль премьер-министрімен кездесуінде АҚШ президенті де «ауруханаға шабуылдаған сендер емес сияқтысыңдар» деп жақтасын арашалай сөйледі. Кейін BBC бастаған ақпарат құралдары жан-жақты зерттеу жүргізіп, жарылыс болған жерде зымыран орны қалмағанын, жарылған аурухананың өзі емес, автокөлік тұрағы екенін, қаза тапқандар санына байланысты да сәйкессіздік көбін анықтаған. Бірақ алғашқы эмоция, екпінмен шеруге шыққан әлем мұсылмандарының наразылығы әуелдегі аурухана жарылысынан Израильдің жаппай шабуылын айыптауға ойысты.

Сонымен, BBC келтірген үш фактордың алғашқысы – АҚШ президентінің сапары дедік. Ақ үйдің ресми хабарлауында Джо Байденнің Израильге қолдау көрсету үшін бара жатқаны айтылған. Сырттай солай екені де рас. 10 миллиард доллар жәрдем жасалатын болды. Ал жабық есік жағдайында өткен кездесулерде Вашингтон бір мәселеге қатты алаңдаушылық білдірген. Ол – Таяу Шығыстағы бұл жанжалға тұтас мұсылман әлемінің қосылып кетуінен сақтану. Бұлай болса кішкентай ғана жер шарына бір уақытта екі бірдей үлкен майдан (оның бірі Украина мен Ресей соғысы) тым артық етпек. Оған қоса АҚШ Тайваньға көз алартып отырған Қытайдан, яғни үшінші майданнан да қауіптенеді. Украина мен Израильге қарайлап, Тайвань қараусыз қалса Қытай билігі де АҚШ-тың осы осал тұсын тап баспасына кепіл жоқ.

Иранға байланысты екені айтылған BBC-тің екінші факторының да жаны бар. Израиль Иранның «Хезболла» террористік ұйымына қару-жарақ беріп, қолдайтынын біледі. «Хезболла» ХАМАС шабуылын алғашқы күннен ашық жөптеген ұйым. Ливан аумағында орналасқан ұйым Израильге оқтын-оқтын оқ жаудырып, қауіп төндіріп отыр. Газаға жаяу әскер кіргенде «Хезболла» да қарап қалмай Израильдің солтүстігінен лап қойса екі майданда соғысу оңай тимейді. Оған дайын болу үшін біраз уақыт керегін Тель-Авив түсінсе керек. Жексенбі күні Израиль премьер-министрі Биньяминь Нетаньяху Ливан шекарасына жақын тұрған әскеріне барды. Ол сарбаздарына рух бере сөйлеп, «шабуыл жасайтын болсаңдар, өмір бойы өкінесіңдер» деп «Хезболлаға» ескерту айтты.

Үшінші фактор деп BBC гуманитарлық хаосты атайды. Ұзындығы – 40, ені – 10 шақырым шағын Газа секторында қазір кемі екі миллионнан аса адам тұрады. Оның жартысына жуығы жас бала, тағы қомақты бөлігі әйелдер мен кәрі-құртаңдар. Израиль жаяу шабуылдағанда жазықсыз құрбандардан тау тұрғызудан қорқады. Қашқан жұрт тағы да Еуропаға ағылады. Онсыз да Украинадан, Сириядан, Африканың өзге елдерінен келген босқындармен басы қатқан Батыс енді Газаның арып-ашқан, азып-тозған халқын қайда сыйдырмақ? Оларға бұның керегі жоқ. Сондықтан болар, Байденнің ізін ала Израильге Германия канцлері Олаф Шольц пен Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак та барып кетті. Олар да Израиль билігіне соғысу, қалаларды тас-талқан ету оңай болғанмен оның салдарымен күрестің қиын екенін ескертсе керек. Алайда ұзақ жыл тыныштық бермей, іргеден зымыран атып, тұрғындардың түн ұйқысын төрт бөлетін ХАМАС тобын «біржола құртуға» бекінген Тель-Авив «ғазауат майдан» әлі алда деп отыр.

Ұлыбританияның тағы бір беделді басылымы The Telegraph жаяу әскер шабуылының уақытша кешігу себебін ХАМАС қолында кепілде отырғандармен байланыстырады. Қазірге дейін 210 адамның аты-жөні белгілі. Көбі АҚШ, Еуропа Одағы елдерінің адамдары. ХАМАС оларды 7 қазан күні байлап-матап алып кеткен. 20 қазанда ХАМАС АҚШ-тың екі азаматын босатты. Анасы мен қызын еркіндікке жіберу арқылы олар Ақ үйге «террористермен де сөйлесуге болады» дегенді меңзеген.

ГАЗАҒА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК КІРЕ БАСТАДЫ

Газа секторына қазір гуманитарлық көмек Египет шекарасының Рафах кеден бекеті арқылы кіре бастады. 20 қазан жұма күні БҰҰ-ның арнайы миссиясының жолсерік болуымен 20 жүк көлігі жеткен. 22 қазанда қажетті делінген азық-түлік, су, дәрі-дәрмек, киім-кешек артқан тағы 17 жүк көлігі кірген. БҰҰ есебінше, миллионнан аса адамға бір уақыт ыстық тамақ ішкізу үшін күн сайын кемі 100 көлік азық-түлік керек. Айта кетейік, шекараны ашпауға бекінген Египет билігін гуманитарлық көмектің өтуіне көндірген АҚШ президенті. Ол 18 қазанда Израильге келіп, түнде қайтар жолда ұшақ ішінде Египет президенті Абдель Фаттах Әл-Сисимен телефон арқылы сөйлескен. Ұшақтан түсерде ол журналистерге Египет шекараны ашатынын, көліктер жылдам жету үшін бір түнде 10 шақырым асфальт жол салуға уәде бергенін хабарлады және АҚШ Газа тұрғындарына ас-су үшін 100 миллион доллар бөлді.

БҰҰ өкілдерінің сөзінше, Газа қазір нағыз түрменің өзі. Екі миллионнан аса адам аумағы Алматының жартысындай жерден шығып кете алмай, қамалып отыр. Израиль болса, үсті-үстіне бомбалап жатыр. Күніне жүздеген ғимарат жарылады. Ұйым дерегінше, қазірге дейін Газада қаза тапқандар саны 5 мыңнан, жараланғандар 15 мыңнан асқан. Тұрғындар ұйым өкілдеріне мәйіт орайтын қап жетпей жатқанын айтқан.

Бір сәт елестетіп көріңізші. Сіз тұрып жатқан қалада су, тамақ, жанармай, электр жарығы, интернет жоқ. Қай кезде қандай бомба түсер екен деп түн ұйықтамай, күндіз көз ілмей отырасыз. Басыңызда баспана да жоқ. Құдай бетін ары қылсын... Ал Газада палестиналықтар қазір осындай күйде.

Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының есебіне қарағанда, Газадағы әрбір адам қазір күніне ары кеткенде 3 литр су пайдаланады. Бұл қалыпты нормадан 30 есе аз. Сондай-ақ Газада жанармай тапшы. Израиль шекарасын тарс жапқан соң ол жаққа бензин кіргізілмейді. Жанармай Египет шекарасынан барған гуманитарлық көмектің ішінде де жоқ. Көмекті ұйымдастырушы БҰҰ жанар-жағармай ХАМАС содырларының қолына түсе ме деп алаңдайды. Алайда тұрғындардың жүріп-тұруына, кәрілер мен балаларды, ауру-сырқауларды тасымалдауға көліктің керек екені айтпаса да түсінікті. Газадағы жалғыз электр станциясы жанармайдың жоқтығына байланысты жұмысын тоқтатқан.

ГАЗАДАҒЫ АХУАЛҒА ӘЛЕМ РЕАКЦИЯСЫ

Бастапқыдай емес, әлемнің әр бұрышында соңғы күндері Газадағы палестиналықтарды қолдаған митингілер жиіледі. Соғыс өрті тұтанған алғашқы күндері Израильдегі дін қарындастарына Оңтүстік Америка халқы да қолдау көрсеткен. Аргентина, Бразилия, Чили, Уругвай мемлекеттерінде жүз мыңдаған тұрғын ХАМАС-тың террористік әрекетін айыптап, шеру өткізген. Бірақ Израиль армиясының Газаны аяусыз бомбалауы көбейгенін көріп отырған Иран, Ирак, Иордания, Тунис, Алжир, Түркия, Малайзия сынды мұсылмандары көп елдер де қарап қалмады. Алаңдарға жиналып, еврейлерге қарғыс айтқан мыңдаған адам Израильге «бомбалауды тоқтат» деп ұрандатты. Олар Израиль елшіліктерінің алдында соғысқа қарсылық акцияларын ұйымдастырды. Үндістан мен Пәкістанда да тұрғындар Газаны бомбалау операциясын дереу доғаруды талап етті. Бұл эстафетаны қазір Еуропа елдері жалғастырып жатыр.

Өткен сенбі күні Батыстың ең үлкен екі қаласы – Париж бен Лондон көшелерін Палестина туын желбіреткендер толтырды. Британиялық The Guardian басылымының ақпаратына қарағанда, Лондонда митингіге 100 мың адам қатысқан. Полиция тәртіп бұзған оншақты азаматты ұстаған. Арасында бірнеше адам тұтас әлем террористік топ деп таныған «Ислам мемлекеті» ұйымының туын ұстап жүрген. Басылымның жазуынша, наразылық бейбіт сипатта өткен. Бірақ шеруде еврей ұлтына қарсы ұрандар, қорлау мазмұнындағы балағат сөздер көп айтылған. The Guardian Таяу Шығыстағы жанжал басталғаннан кейін Ұлыбританияда мұсылмандардың еврейлерге шабуылы жиілеген. Қазір елде еврей синагогалары мен мектептері, балабақшалары қатты күзетіледі.

Жексенбі күні Парижде өткен демонстрация да батыс басылымдарының назарын аударған. Оқиғадан тікелей хабар таратқан France24 телеарнасындағы кадрларға қарағанда шеруге кемі ондаған мың адам қатысқан. Ұйымдастырушылардың өзі 30 мың деп көрсеткен. Телеарна журналистерінің сөзінше, митингішілер арасында мұсылмандар, христиандар, тіпті еврейлер де жүр. «Франциядағы палестиналықтарды қолдау ассоциациясының» жетекшісі көпшілік алдында сөйлеген сөзінде қазір Газада болып жатқан тозаққа Франция билігін, президент Эммануэль Макронды кіналаған. Жиналған көптің алдында ол «Франция Израильдің палестиналықтарды өлтіруіне көзін жұмып қарап отыр» деген.

Батыс елдері билігінің ұстанымы айқын. Бәрі бірауыздан Израильге жақ, ХАМАС-қа қарсы. Израильге барып қайтқан Германия канцлері де, Ұлыбритания премьер-министрі де палестиналықтардың мынадай жағдайға душар болуына ең алдымен ХАМАС кінәлі екенін айтқан. Олаф Шольц пен Риши Сунак бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «палестиналықтың бәрі ХАМАС емес, ХАМАС-тың бәрі палестиналықтар емес. Бірақ ХАМАС Палестина халқын қалқан етіп ұстап отыр» деген риториканы қайталаған. Бұл сөз АҚШ президенті Джо Байденнің аузынан да шыққан. Алайда Израиль билігі Газа секторын 20 жылға жуық толық бақылауда ұстап отырған ХАМАС пен ондағы тұрғындардың тым етене араласып кеткенін, қазір кімнің кім екенін анықтау өте қиын екенін мәлімдеген.

ИЗРАИЛЬ МЕН ХАМАС ТУННЕЛЬДЕ СОҒЫСПАҚ

Израиль мен ХАМАС бірін-бірі жақсы білетін, «ежелгі дұшпан». Екі жақ та ұзақ жылдардан бері бір-бірінің қимылын, тактикасын жетік меңгерген. 50 мыңдай содыры бар ХАМАС күші өзінен бірнеше есе артық жаумен ашық майданға шықпайтыны түсінікті. ХАМАС-тың көзірі – жерасты туннельдері. Батыс ақпарат құралдарының жазуынша, Газа секторындағы жерасты жолдардың жалпы ұзындығы 500 шақырымға жетеді. Мұндай деректі ХАМАС жетекшілерінің бірі – Жақия Ибраһим Әл-Синвар 2021 жылы айтқан. CNN телеарнасы оны Нью-Йорк қаласындағы жерасты жолдарының жартысына жуық деп болжайды. «Тунельдердің ұзындығын Лондон метросымен салыстыруға болады» дейді BBC. Агенттіктің журналисі Квентин Соммервилль Палестинадағы «Ислам жиһады» дейтін исламшыл топтың рұқсат етуімен 2015 жылы осы туннельдермен жүруге мүмкіндік алыпты. Журналист іші түгел бетондалған тунельдердің жер бетінен шамамен 30 метр тереңдікте екенін жазған. Бұл сырттан түскен зымырандарға төтеп бере аларлықтай қалыңдық.

Өздері «Газа метросы» деп атайтын бұл туннельдер Израиль әскеріне ертеден белгілі. Кейбірі тікелей Израиль ауылдарының астынан шығады. Жер астындағы мұндай жолдың біразын бомбалап, жауып тастаған. Бірақ ұзақ жылдар бойы контрабандалық жолмен керек-жарағына қол жеткізіп отырған Газа халқы жолдардың жұмыс істеп тұруына мүдделі болса керек. Тоқсаныншы жылдары сондай туннельдің бірі – Египеттің Рафах қаласына қарай қазылыпты. Сол арқылы палестиналықтар тіпті мал айдап өткен. Бірақ 2009 жылы Израиль бұл туннельді де атқылап, көмген. «Настоящее время» телеарнасының айтуынша, ХАМАС осы туннельдер арқылы сырт әлеммен емін-еркін қарым-қатынас жасайды. Израиль барлау қызметі туннельдердің мектеп, университет, спорт орталықтары, мешіттердің астынан өтетінін анықтаған. Бұған бір дәлел – жұма күні 20 қазанда көпшілік намаз біткен соң Израиль Газа секторында өз шекарасына жақын шағын елді мекендегі бір кішкентай мешітті бомбалады. Ешкім қаза таппаған. Кейін арнайы жасақ әлгі мешіттің жертөлесі Газа туннельдеріне қарай жалғасатынын көрген. Бұл кадрларды да Израиль телеарналары жарыса жариялады. ХАМАС тобының дерегінше, екі аптада Израиль Газа секторында 10 мешітті талқандаған.

Туннельдер ХАМАС үшін аса маңызды жол. Ұйымның басшылары да сонда жасырынады. ХАМАС ұйымындағы дереккөздерге сүйенген батыс ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, туннельдер үш топқа бөлінеді: тасымал жолдары, әскери қару-жарақ дайындайтын цехтар және ұйым басшылары мен олардың отбасына арналған жатын бөлмелер. Бұл туралы «Настоящее время» арнасына украиналық журналист Юрий Мацарский айтқан. Таяу Шығыс жанжалын жазуға бейімделген ол оншақты жыл Газа секторын аралап, тұрғындармен де, хамастықтармен де сөйлескен. Оның сөзінше, Газа секторында ішуге жарамды таза судың тапшылығы осы ХАМАС туннельдерімен байланысады. Өйткені ХАМАС туннельдерді бүлдіреді деп тұрғындарға жер қазып, су шығаруға тыйым салған. Мацарский туннель құрылысына хамастықтар ғана емес, Газа тұрғындары, әсіресе балаларды көп пайдаланғанын айтады.

Газа туннельдерінің картасы делінген суретті 20 қазанда Wall Street Journal басылымы жариялады. Журналистер картаны Израильдің сыртқы барлау құрылымындағы құпия дереккөздердің әңгімесіне сүйеніп әзірлеген. Картаға қарасаңыз, Газа секторының асты айқыш-ұйқыш жол екенін байқайсыз. Bloomberg агенттігі Израиль билігі 2014 жылдан бері осы туннельдерді тауып, оларды көмуге, қиратуға 1 миллиард доллар жұмсағанын жазады. Ақпарат құралдары ХАМАС кепілде ұстап отырған 210 адамның осы туннельдерде болуы мүмкін екенін жазады. Израиль экономика министрі Нир Баракат америкалық ABC телеарнасына берген сұхбатында «мақсатымыз – кепілде отырған адамдарды құтқарып алу. Кейін туннельдер әлемдегі ең үлкен қабірге айналуы мүмкін» деген.

                               

                                                                                                             Айгүл Баба