Тәжікстандағы жойқын жер сілкінісі: 3 жасар бала қаза тапты, ондаған үй қирады

2025 жылғы 13 сәуір күні таңертең Тәжікстан аумағында жойқын жер сілкінісі тіркелді. Табиғи апат салдарынан үш жасар бала көз жұмып, жүздеген адам баспанасыз қалды.
Тәжікстан Ғылым академиясының Геофизикалық қызметі хабарлағандай, жер сілкінісі сағат 09:24-те Рашт ауданының шығысынан 21 шақырым жерде тіркелген. Дүмпу күші эпицентрде 5–6 баллға дейін жетіп, Раштта 5 балл, Душанбеде шамамен 3 балл болды.
Табиғи апаттың алғашқы құрбаны – үш жасар Машрабов Абдугани, Рашт ауданына қарасты Уштурпаст ауылының тұрғыны. Комитеттің мәліметінше, бала жер сілкінісі кезінде құлаған үй қабырғасының астында қалып, оқиға орнында қаза тапқан.
Рашт ауданында 40 үй толық, тағы 5 үй жартылай қираған. Сондай-ақ, 3 шайхана мен Гулхани ауылындағы №56 мектеп ғимаратына зақым келген.
Тәжікабад ауданында жағдай одан да ауыр, 54 үй толық, 45 үй жартылай,61 үй жеңіл зақымдалған. Бұдан бөлек, екі мектеп, үш шайхана, бір медициналық мекеме және шамамен 200 қосалқы шаруашылық нысандары зардап шеккен. Бұл ауданда адам өлімі тіркелмеген.
Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы қираған үйлер мен қабырғаларда пайда болған жарықтарды көрсетіп, жаңа дүмпулер болуы мүмкін деп алаңдаушылық білдіруде.
Жер сілкінісінен кейін Тәжікстан аумағында кемінде үш рет қайталама дүмпу тіркелді. 14 сәуір күні таңғы 05:44-те тағы бір жер сілкінісі орын алды. Оның эпицентрі Рашттан 18 шақырым жерде болды. Дүмпу 4 баллды құрап, алдын ала мәлімет бойынша қосымша қираулар мен адам шығыны тіркелмеген.
Қазір зардап шеккен аймақтарда Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Раджабали Рахмонали бастаған арнайы комиссия жұмыс жүргізіп жатыр. Олар келтірілген шығын көлемін бағалап, көмек көрсетуді ұйымдастырумен айналысып жатыр.
Айта кетейік, Тәжікстан — сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан мемлекет. Жыл сайын мұнда жүздеген жер сілкінісі тіркеледі. 2021 жылы Тәжікабад ауданында болған зілзала бес адамның өмірін қиған еді, ал 2020 жылы шамамен 60 үй қираған.