Тегін қан тапсыратын донорларға өтемақы мөлшері арттырылмақ
Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлімдеді.
«Қанды ақысыз тапсыратындар үшін қосымша екі күн демалыс беру заңнамамен бекітілген. Донорларға энергетикалық шығынды қалпына келтіру үшін бұйрықпен айқындалған 0,25 АЕК (923 теңге) мөлшерінде өтемақы төленеді. Дегенмен, есептеулерге сәйкес, донордың қан тапсырған күнгі энергетикалық шығынын қалпына келтіру үшін 4 790 ккал-ды қамтамасыз ететін тағам қажет. Бұл ақшаға шаққанда 4 269,11 теңгені немесе 1,25 АЕК-ті (2023 жылғы АЕК-пен есептегенде) құрайды», - деді Тамара Дүйсенова.
Оның атап өтуінше, донорларға төленетін өтемақыны көтеру үшін қосымша шамамен 848 млн теңге қажет.
«Қазіргі уақытта денсаулық сақтау министрлігі донорларға төлемнің өлшемшарттары мен мөлшері ережесіне тегін донорларға ақшалай өтемақыны 0,25 АЕК-тен (923) 1,25 АЕК-ке (4 615 теңге) дейін арттыру бөлігінде өзгертулер енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Бұл ұсынысты Республикалық бюджеттік комиссия қарауына ұсыну жоспарланып отыр», -деді вице-премьер.