Қоғам

«Тек екі жұтым сыра іштім»: Пак мас күйде жол апатына түскенін жоққа шығарды

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында резонансқа айналған қайғылы жол апатына қатысты сот процесі өтіп жатыр.

Пак

Сотталушы Александр Пак апат болған күні достарымен бірге кешкі асқа жиналғанын айтты. Оның сөзінше, кездесу жұма күні ұйымдастырылған. Өзімен бірге дастархан басында танитын да, танымайтын да адамдар отырған.

Сот отырысында Александр Пак қатты  мас күйінде болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Айтуынша, мейрамханада өзіне сыраға тапсырыс бергенімен, тек екі ұрттап, дәмі ұнамағандықтан ішпеген.

«БАҚ беттерінде мені қатты мас болған деп жазып жатыр. Бірақ мен өзімді мас күйде болдым деп есептемеймін. Сыраның дәмі ұнамады, сондықтан оны ішкен жоқпын», – деді ол.

Айтуынша, дастарқан басында өзге адамдардың қандай сусын ішкенін немесе не жегенін бақыламаған.

Сотталушының сөзінше, сол кештегі есепшотты өзі төлеген. Әдетте достар арасында шығын кезекпен немесе кейде бөліп төленетін болған.

Сот отырысында судья Еркін Майшинов оқыған құжаттарға сәйкес, сол күні олар мейрамханада айтарлықтай көлемде алкогольдік сусындарға тапсырыс берген.

Материалдарда олардың 2,25 литр шарап, 0,9 литр виски, 0,2 литр текила және бірнеше алкогольді коктейльдерге тапсырыс бергені көрсетілген.

Естеріңізге сала кетейік, жол апаты 21 наурызға қараған түні сағат 03:30-да болған. Zeekr 9X автокөлігін басқарған жүргізуші әл-Фараби даңғылы бойымен жоғары жылдамдықпен келе жатып, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Салдарынан Mercedes маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Апат кезінде Zeekr автокөлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырымға дейін жеткен. Қатты соққы салдарынан Mercedes автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен көлікте отырған 21 және 23 жастағы екі бойжеткен оқиға орнында қаза тапты. Химиялық-токсикологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, күдіктінің қанынан 1,30 промилле мөлшерінде этил спирті анықталған. Сондай-ақ, оның көлігіне жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірін тағып алғаны белгілі болды.

Күдіктіге ҚР ҚК 345-1-бабы 4-бөлігі – «Автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарып, жол қозғалысы қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бабы бойынша айып тағылып отыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз