Telegram негізін қалаушы Павел Дуров 120 жылға түрмеге қамалуы мүмкін
Павел Дуровқа Францияда 120 жылға дейін түрме жазасы қаупі төніп тұр. Бұл туралы Telegram негізін қалаушының өзі жазды.
Дуровтың пікірінше, Франция билігі қылмыстық істерді елдегі «сөз бостандығын жою» құралы ретінде қолданып отыр. Оның сөзінше, ол Францияда тергеуде жүр: ондаған айып тағылған, олардың әрқайсысы 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Сондай-ақ ол Францияда тергеуде болуды қазір «құрмет» деп есептеп, оны Құрмет легионы орденімен марапатталумен тең деп бағалады.
Бұған дейін ол Францияны әлеуметтік платформаларды қылмыстық жауапкершілікке тартатын жалғыз ел деп атап, бұл жағдай еркіндікке қысым жасайтынын айтқан.
Айта кетейік, Павел Дуров 2021 жылы Франция азаматтығын алған. Ол 2024 жылдың тамызында Ле-Бурже әуежайында ұшақтан түскен кезде ұсталып, ұйымдасқан қылмысқа қатысты бірнеше бап бойынша айыпталған. Тергеу кезінде оған Telegram-дағы қылмыстық контенттің таралуын шектеу бойынша жеткілікті шара қолданбады деген де айып тағылған.
Ол біраз уақыт Францияда болып, елден шығуға тыйым салынған. Кейінірек, 2024 жылдың қарашасында бұл шектеу алынып тасталған.