Саясат

Тіл комитеті төрағасын «түлен» түртті ме?

Қабаның бастамаларын қоғам қабылдай ма?

Тіл комитеті төрағасын «түлен» түртті ме?

Мәдениет және спорт министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Әділбек Қабаев әріптесіміз осыдан екі-үш күн бұрын жаңаша жұмыс істейтінін мәлім етті. Осы уақытқа дейін тілге қатысты әртүрлі шаралар мен кездесулер ұйымдастырудан аса алмайтын комитеттің жұмысы енді басқаша бағыт алмақ. Бірақ қалай?

 «Тілге қажеттілік туғызудан кейінгі керегі – лайықты талаптың болуы. Бірақ нені бетке ұстап, неге сүйеніп талап етеміз? Өзге елдердегідей мемлекеттік тілді білуге, сөйлеуге, қызметке тек тіл білетіндерді ғана алуға міндеттеуге болар еді. АҚШ, Германия сияқты бірқатар алып мемлекеттер тіл білмесе азаматтық бермейді. Оларда да бізден де көп ұлт өкілдері тұрады. Бірақ көрші мемлекеттің тілінде сөйлеп, жазып отырған бірі жоқ. Қызметке алуда тіл білуді міндеттейін десек, алдымыздан Конституцияның 14- бабының 2-тармағы шығады. «Тіліне, ұлтына, нәсіліне қарай кемсітуші» болып шыға келеміз. Иә, бізде де Тіл туралы заң бар. Солқылдақ. Талап ету, қажеттілік туғызу, бақылау функциялары жоққа тән. Сауатсыз жарнама, атауы қате жазылған мекеме, дүкен… Аймақтардағы тіл басқармалары заң аясында барынша осындай келеңсіздіктерді анықтап, ескертіп хат жазады. Сол ғана...Бақылау функциясын 2013 жылы алып тастаған. Осыдан келіп мемлекеттік тіл қауқарсыз қалыпқа түсті»,– дейді Әділбек Қаба.

Мемлекеттік тілдің үстемдігін арттыру үшін Тіл комитетінің төрағасы «Тіл қорғандары» онлайн тобын құратынын мәлім етті. Аталған топқа мемлекет басшысының мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру идеясын қолдайтын еліміздің әрбір азаматы мүше бола алады. Олардың міндеті не? Тілге қатысты жарнама мен көрнекі ақпараттарда қате жазылса, басқа да заңбұзушылықтар болса, суретке, видеоға түсіріп, «Тіл қорғандары» онлайн тобына жібереді. Құзіретті комитет қандай да заңбұзушылықтардың түзетілуін заң аясында талап етеді. Сондай-ақ комитет тіл үшін күрестегі белсенділігін арттыруға жанашырлармен жұмыс істейтін болады. Сөйтіп, «Тіл қорғандары» онлайн тобы тіл мерейін көтеру, заңсыздықтармен бірлесе күресу алаңқайына айналады.

Дұрыс-ақ делік. Расында да, қазіргі уақытта әр облыста, аудан немесе қалада тіл басқармалары бар. Кейбір әкімшіліктегілер мұндай басқарманың қажеті жоқтығын желеу етіп, оны қысқартып жіберген. Рас, қызметке келгеніне екі апта да тола қоймаған Төрағаның ісі теориялық тұрғыдан алғанда құптауға тұрарлық. Елімізде тіл жанашырлары да жетерлік. Алайда бүгінгі орысшыл билік пен авторитарлық қоғамдық саяси жүйе Қабаның бастамаларын қолдай қояр ма екен?! Бір ғана мысал, белсенді азамат Қуат Ахметов  «Тіл майданы» қозғалысын құрып, жер-жерде тілге қатысты заңсыздықтарды анықтап жатыр. Бірақ қатты қарсылыққа тап болуда. Ірі қалаларда орыс тілінде сөйлегенді тәуір көретін құлдық сана мұны тілдік дискринимацияға теліп жатыр. Мұндай жағдайда Тіл комитеті төрағасының еңбегі еш кетіп жүрмей ме?

Әрине, бізге мемлекеттік тілдің мәртебесінің артқаны керек, қазақ тілінің қолдану аясының кеңейгені қажет. Алайда көкейде тұрған бір сауал бар: біздің шенеуніктер мұны қаншалықты мақұлдай алады немесе қуана қабылдайды? Өйкені Тіл комитетінде бақылау функциясы жоқ. Тіл туралы жаңа заңға бақылау фунциясын енгізуге қатысты бапқа «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қазірдің өзінде қарсы шыққан.  Демек, заң талқыланбай жатып, кедергіге  ұшырады. Ал Мәжіліс пен Сенат бұл бапты қабылдауға қаншалықты қауқарлы? Сондықтан Тіл комитеті төрағасының жаңашыл жұмыс бастауға деген талпынысы «жергөгінде» тұншығып қалмай ма? Ақорда мұны қалай қабылдайды? Қабаның қадамы популистік ұран болып қалмай ма? Шешілмеген мәселенің түйіні жетерлік.

Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, Президенттің  ұсынысы бойынша Тіл комитеті келер жылдан бастап, Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өтеді. Мұндай жағдайда Қаба орнында қала ма?  Айтмағамбетов басқа адамды таңдаса ше?

… Көкейде сұрақ көп. Бірақ бізге мемлекеттік тілдің мәртебесінің артқаны керек.  Президент Тоқаев айтқандай, «қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы қажет».

Тегтер: Без Тега
Батыр Жасұлан
Батыр Жасұлан Батыр Жасұлан

Оқыңыз