Тіркемедегі "Өрмекші адам": Семейде жарнама түсіргендер жауапқа тартылды
Полиция қызметкерлері бейнежазбаға қатысқан азаматтарды анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері Семей қаласындағы аспалы көпір арқылы қозғалып бара жатқан Mitsubishi Pajero көлігінің тіркемесінде "Өрмекші адам" костюмін киген адамның отырғаны түсірілген бейнежазбаны анықтады.
Тексеру кезінде бұл сапардың қаладағы мейрамханалардың бірін жарнамалау мақсатында ұйымдастырылғаны белгілі болды. Полиция қызметкерлері бейнежазбаға қатысқан азаматтарды анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Тексеру нәтижесінде 23 жастағы көлік жүргізушісі жолаушыны тіркемеде тасымалдағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жарнамалық түсірілімге қатысқан 18 жастағы "Өрмекші адам" мен оның 25 жастағы серіктесі де жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.