Тоқаев Катар әміріне әкесінің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дохаға барып, Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Таниге және билеуші әулет мүшелеріне бұрынғы әмір, шейх Хамад бен Халифа Әл Танидің қайтыс болуына байланысты жеке көңіл айтты.
Мемлекет басшысы шейх Хамадтың қуатты әрі табысты Катар мемлекетін қалыптастырудағы тарихи еңбегін ерекше атап өтті.
– Қазіргі Катардың айтулы жетістіктері мен елдің халықаралық беделі оның есімімен тығыз байланысты. Шейх Хамад әлемдік деңгейдегі мемлекет қайраткері әрі қазақ халқына шынайы дос болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, шейх Хамад Қазақстан мен Катар арасындағы ынтымақтастықтың қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан. Ол Қазақстанға екі рет ресми сапармен келген. Ал алғашқы сапары кезінде оны сол кездегі Сыртқы істер министрі болған Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алған.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы шейх Хамадтың бастамасымен Астанада Әл-Фараби атындағы мешіттің салынғанын және Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында бірқатар әлеуметтік әрі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асқанын еске салды.
Өз кезегінде Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани Тоқаевқа арнайы келіп, жеке қолдау білдіргені үшін алғыс айтып, мұны Қазақстан мен Катар халықтары арасындағы бауырластық қарым-қатынастың көрінісі деп бағалады.
Кездесу барысында тараптар Таяу Шығыстағы жағдайды қоса алғанда, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Сапар соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Катар Әмірін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Шақырту ризашылықпен қабылданды.