Өркениетті әрі озық ойлы ұлт ретінде өзімізге сенімді болуымыз керек – Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда берік орныққан қазіргі президенттік басқару моделі өзінің бастауын Алтын Орда дәуірінде қалыптасқан саяси жүйеден алатынын айтты.
"Жаңа Конституцияда қазақ халқының өткені Ұлы даланың мыңжылдық тарихымен тығыз байланысты екені нақты көрсетілген.
Елордада жақын арада Ұлы дала өркениетінің жетістіктеріне арналған ауқымды кешеннің құрылысы басталады. Жуырда Астанада ЮНЕСКО қолдауымен Алтын Орда мұрасын зерттеуге арналған халықаралық симпозиум өткіздік. Мұндай қадамдардың барлығы мемлекетіміздің негіздерін нығайтуға зор үлес қосады.
Алтын Орда өз заманында билік институттары, дипломатиялық қызметі, байланыс және кеден жүйесі, әлем мойындаған валютасы мен озық технологиялары бар қуатты ортағасырлық мемлекет болды.
Қазақстанда берік орныққан қазіргі президенттік басқару моделі өзінің бастауын Алтын Орда кезеңінде қалыптасқан саяси жүйеден алады.
Алтын Орданың басты мұрасы – алып мемлекеттің құрамындағы түрлі дін, тіл, мәдениет пен дәстүр өкілдерін ортақ құндылықтар негізінде біріктіре білген қағидаттары. Бабаларымыздың даңқты жолы біз үшін әрдайым үлгі әрі стратегиялық бағдар болып қала береді.
Алтын Орданың жетістіктері – Еуразиядағы көптеген қазіргі халықтардың ортақ мұрасы. Сондықтан біз оның тарихи мұрасына сүйене отырып, барлық елдері бейбіт өмір сүретін, ортақ қауіпсіздікке мән беретін және халықтарының игілігі үшін еңбек ететін біртұтас әрі гүлденген Еуразияны қолдаймыз.
Біздің міндетіміз – ескірген тәжірибелер мен бөгде идеяларды соқыр түрде көшіру немесе дәріптеу емес, сондай-ақ бос пікірталастарға қатысу да емес. Негізгі мақсат – ұлы дәуірден қалған құндылықтарды терең зерделеп, сапалы жаңғырту, оларды қазіргі өркениет талаптарына бейімдеу".