Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:49, 18 Наурыз 2024

Тоқаев: Қазақстанның 200 мыңға жуық азаматы сыртта жұмыс істеп жүр

ч
Фото: из открытых источников

Қазақстан жастары масылдық ойдан арылып, адал еңбек етуді мақсат тұтуы қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі айтып келеді.

Ел Президенті Атырауда өткен ұлттық құрылтайда шетелге барып жұмыс істеп жүрген жастарымызды үлгі еткен болатын.

Біз шетелге барып, қара жұмыс істеп жүр деп, көрші елдің азаматтарын менсінбей қараған адамдарды да көрдік. Шын мәніне келгенде, сол шетелде жүрген адамдар жаңа дағдыларды игереді, жаңа кәсіптерді меңгереді. Олар өз елінің экономикасын дамытуға едәуір үлес қосып жүр. Американың өзінде Орталық Азиядағы көршілес елдердің мыңдаған азаматтары тұрып жатыр. Көбі бизнесін жүргізіп, саудамен айналысады, арасында қалталы адамдар пайда болуда. Бірақ олар өзінің ұлттық ерекшелігін жоғалтқан жоқ, деді Президент.

Мемлекет басшысы мұның әлемдік үрдіс екенін алға тартып, бұдан намыстанудың қажеті жоқ екенін баса айтты.

Ең дамыған елдердің азаматтары да шетел асып, табыс табуға намыстанбайды. Заманауи көшпенділер, Modern Nomads дегеніміз – осы. Бұл – бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс.

Соңғы жылдары біздің де жастарымыз шетелге жиі шыға бастады. Қазір Қазақстанның 200 мыңға жуық азаматы заңды түрде сыртта жұмыс істеп жүр. Табыс табу үшін шетелде бейресми еңбек етіп жүргендер де бар. Қай жерде болсын, еңбектің, кәсіптің жаманы болмайды. Тек бәрі заңды болуы керек. Сонда мемлекет олардың құқығын қорғап, қандай бір жағдай болса, көмектесе алады. Ел ішінде немесе шетелде заңды түрде жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік туса, одан бас тартпаған жөн. Ең бастысы – адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу, деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қазір еліміздің солтүстік аймағына көшудің маңызды екенін айтты.

Бүгінде солтүстік аймақтарда жұмыс күші жетіспейді. Ол жақта тегін білім алуға, жақсы жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар. Мемлекет беріп отырған осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Біз мыңдаған шақырым жерде көшіп-қонып жүрген көшпенділердің ұрпағы екенімізді ұмытпайық. Қазіргі жастар заманауи көшпенділіктің жақсы жақтарын игере білуі керек. Көші-қон – дүние жүзіне ортақ қалыпты құбылыс, деді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде.

Айта кетейік, жастардың шетелде жұмыс істеуі бағытында мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар да жетерлік. Мәселен, жуырда Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев Share Together кәсіподақ өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу кезінде тараптар Оңтүстік Кореяда жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау бойынша өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, тиісті екіжақты меморандумға қол қою жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Осы меморандумды жасасу ынтымақтастықты неғұрлым тиімді жүзеге асыруға, оның ішінде Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарының бұзылу жағдайларын анықтауға, алдын алуға және оларға ден қоюға мүмкіндік береді.

Share Together кәсіподағы Оңтүстік Кореядағы шетелдік еңбек мигранттарының құқықтарын қорғаумен айналысады және Корея кәсіподақтары федерациясының (FKTU) құрамына кіреді.

Фото: Ақорда