Тоқаев Құрылтай сайлауына баға берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда алғаш рет өткен Құрылтай депутаттарының сайлауына баға берді. Мемлекет басшысы сайлау сәтті әрі мінсіз ұйымдастырылғанын айтты.
Ақордада президент халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары және жүлдегерлері атанған оқушылар мен студенттермен кездесті. Жиын барысында Тоқаев елдегі саяси өзгерістерге тоқталды.
«Жаңа Конституция қабылданды. Еліміздің басты құжатында ғылымға, білімге және инновацияға басымдық берілді. Ең бастысы, жаңа Конституция өскелең ұрпақтың игілігі үшін жазылды. Кеше ғана тарихымызда алғаш рет Құрылтай сайлауы өтті. Бұл сайлау сәтті әрі мінсіз ұйымдастырылды десек, артық айтқандық емес», – деді президент.
Тоқаев сайлауда азаматтық белсенділік танытқан қазақстандықтарға алғыс білдірді.
«Осы мүмкіндікті пайдаланып, азаматтық белсенділігі және жаңғыру стратегиямызды қолдағаны үшін бүкіл халқымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сайлау кезінде байқаушылар тобы, соның ішінде халықаралық байқаушылар өте тиімді жұмыс істеді. Оларға зор алғысымды білдіремін. Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің атқарған ауқымды жұмысы жоғары бағаға лайық», – деді мемлекет басшысы.
Айта кетейік, 23 тамызда Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай депутаттарының сайлауы өтті. Жаңа бір палаталы парламент 145 депутаттан тұрады және олар бес жылға сайланады.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 12 623 289 адам енгізілген. Оның 9 351 539-ы дауыс беруге қатысқан. Осылайша, сайлаушылардың жалпы белсенділігі 73,8 пайызды құрады.
Құрылтайға өту үшін саяси партиялар кемінде 5 пайыз дауыс жинауы қажет болды.