Тоқаев Азия ойындарының жүлдегерлерін марапаттады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев XX жазғы Азия ойындары мен V Пара Азия ойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттады.
9 қарашада өткен жиында президент спортшылардың халықаралық жарыстардағы нәтижелеріне тоқталып, алдағы жоспарлар туралы айтты.
Тоқаев Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алған таеквондошы Тамірлан Тілеулес, боксшылар Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай, каратэші Софья Берульцева және велошабандоз Алексей Луценконың жетістіктерін атап өтті.
Сондай-ақ Пара Азия ойындарында 100 метрге жүгіруден Азия рекордын орнатқан Айсұлу Сүлейменова мен пауэрлифтингтен рекорд жаңартқан Давид Дегтяревтің нәтижелеріне тоқталды.
Президенттің мәліметінше, соңғы бес жылда Қазақстанда спортты дамытуға 616 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Сонымен қатар Тоқаев 2027 жылы Қазақстанда бокс, дзюдо, таеквондо, үстел теннисі және киберспорттан әлем чемпионаттары өтетінін хабарлады. Астанада УЕФА-ның 51-конгресін өткізу жоспарланған.
Жиын соңында президент жауапты ведомстволарға Қазақстан құрамасын 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дайындау жұмыстарын қазірден бастауды тапсырды.