Тоқмәди 10 жарым жылға сотталды
Кезінде «аңшылықтағы жазатайым оқиға» санап, жылы жауып келген банкир Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Мұратхан Тоқмәдиге қатысты үкім шықты.
Тұп-тура бір айға созылған Тоқмәди сотында судья Азамат Тілепов үкімді 10 минутқа жетер-жетпес уақытта «Айыпталушы жазасын 12 жыл және алты ай уақыт мерзімінде қауіпсіздігі ең жоғары түзету мекемесінде өтесін» деп судыратып оқып берді. Сондай-ақ, Тоқмәдиден сараптамалар үшін 356 000 теңге өндіріп алу міндеттелді демесеңіз, мүлкі тәркіленбейтін болды.Ұзын-ырғасы 79 томнан тұратын сот ісін қараған судья Азамат Тілепов сот кезінде оқ көліктің артқы орындығынан атылғанын дәлелдейтін көптеген сараптама қорытындылары, банктік есеп-шот аударымдары, аңшылыққа рұқсат қағазы, тағы басқа да дәлелдерге сүйенгенін атап өтті.Сот отырысынан кейін жәбірленуші Тәтішевтер отбасының мүддесін қорғауына алған адвокат Евгений Яворский сот шешімін Ержанның туған бауырлары тағатсыздана күтіп отырғанын, 14 жыл бойы бүркемеленіп келген қылмыстың беті ашылғанын, сондықтан соттың шешіміне көңілі толатынын айтып, пікір білдірді.Тоқмәди сотында 100-ден аса куәгерден жауап алынды. Олардың арасында оқиғаның жалғыз куәгері, Тәтішевтің жеке күзетшісі болған бүгінде Ресейде тұратын Сергей Козлихинді арнайы алдырса, Майкл Патрик Мерфи бастаған АҚШ сарапшыларының жүргізген сот-сараптама қорытындысы тыңдалды. Ал наурыздың 12-сі күні темір тордың аржағындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевтан БАҚ-тың қатысуынсыз тікелей желіде видеоконференция арқылы жауап алған болатын.Естеріңізге сала кетсек, Мұратхан Тоқмади Таразда басталған соттың алғашқы отырысында-ақ Тәтішевті Мұхтар Әбілязовтың тапсырысымен өлтіргенін мойындап, ол үшін 4 миллион доллар алғанын айтқан еді. Ал Мұхтар Әбілязов болса, өзіне тағылған «Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берген» деген айыпқа «Назарбаевқа қарсы күресінің кезекті шиеленісі» деп жауап бергені белгілі.
Нұрболат Әлдибек, Тараз
Фото:zakon.kz