Әлеумет

Трамп Иранға қарсы әскери операцияларды қайта бастады

АҚШ президенті Дональд Трамп Конгресті Иран аумағында әскери операциялардың қайта басталғаны туралы ресми түрде хабардар етті.

Трамп

 Оның мәліметінше, 7 шілдеде АҚШ әскері Ирандағы бірқатар нысанға «қорғаныс мақсатында» соққы жасаған.

The New York Times басылымының жазуынша, Трамп 10 шілдеде Конгресс басшылығына жолдаған хатында бұл операция туралы мәлімдеген. Хаттың мазмұны 13 шілдеде жария болды.

Басылымның мәліметінше, бұл шешім президенттің әскери күш қолдану өкілеттігіне қатысты Ақ үй мен Конгресс арасындағы дауды қайта ушықтырды. Бұған дейін Конгрестің екі палатасы президенттен әскери әрекеттерді тоқтатуды немесе оларды жалғастыру үшін заң шығарушылардың ресми келісімін алуды талап еткен. Ал Ақ үй Трамптың Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы ретіндегі конституциялық өкілеттігі аясында әрекет етіп жатқанын алға тартқан.

Иранға жаңа соққылар жасалды

АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) хабарлауынша, 13 шілдеде Вашингтон уақытымен сағат 16:45-те президенттің бұйрығымен Иранға қарсы үшінші кешкі әскери операция басталған.

Қолбасшылықтың мәліметінше, соққылар Иран қарулы күштерінің әскери әлеуетін әлсіретуге және олардың Ормуз бұғазындағы азаматтық кемелер мен бейбіт тұрғындарға қауіп төндіру мүмкіндігін шектеуге бағытталған.

Сондай-ақ CENTCOM 14 шілде кешінен бастап Иранға қатысты теңіз блокадасы қайта енгізілетінін хабарлады. АҚШ әскери-теңіз күштері Иран порттарына бағыт алған немесе одан шыққан кемелерді бақылауға алады. Сонымен бірге халықаралық талаптарды сақтайтын шетелдік кемелердің аймақтық суларда еркін жүруіне рұқсат берілетіні айтылды.

Алғаш рет теңіз дрондары қолданылды

CENTCOM мәліметінше, 12 шілдеде Бандар-Аббас қаласындағы Иран әскери-теңіз базасына жасалған шабуыл кезінде алғаш рет үш теңіз дроны қолданылған. Бұл АҚШ армиясы тарихындағы теңіз дрондары пайдаланылған алғашқы шабуыл операциясы ретінде тіркелді.

Иран жауап қайтарды

Иранның мемлекеттік IRIB телеарнасының хабарлауынша, елдің қарулы күштері дрондар арқылы Кувейттегі АҚШ әскери базаларына соққы жасаған.

Келісімнің күші жойылды

17 маусымда АҚШ пен Иран арасында әскери қимылдарды тоқтату және Ормуз бұғазындағы блокаданы алып тастау жөніндегі келісімге қол қойылған болатын.

Алайда 25 маусымда Иранға тиесілі камикадзе-дрон Ормуз бұғазы арқылы өтіп бара жатқан азаматтық танкерге шабуыл жасады. Осыдан кейін АҚШ Иран аумағына бірнеше мәрте әуе соққысын жасады.

8 шілдеде НАТО саммитінде сөйлеген Дональд Трамп Иранмен жасалған өзара түсіністік туралы меморандумның енді күшінде емес екенін мәлімдеп, Тегеранмен жеке келіссөз жүргізбейтінін айтты. Сонымен қатар АҚШ Иранның мұнай секторына қарсы санкцияларды қайта енгізді.

Reuters агенттігінің мәліметінше, 11 шілдеде өткен жабық келіссөздер барысында Иран өкілдері Ормуз бұғазындағы жаңа шабуылдар үшін жауапкершілікті «бақылаудан шыққан жекелеген құрылымдарға» жүктеген. Вашингтондағы дереккөздің айтуынша, ирандық делегация: «Біз қателік жібердік. Енді келіссөздерді жалғастырайық», – деген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз