Саясат

Трамп өзі өлтірілген жағдайда Иранды тас-талқан етіп бомбалауды бұйырған

АҚШ президенті Дональд Трамп өзіне қастандық жасалып, қаза тапқан жағдайда Иранға бұрын-соңды болмаған ауқымда соққы беруді тапсырғанын мәлімдеді.

Трамп

Бұл туралы ол New York Post басылымына берген сұхбатында айтты.

«Мен олардың тізімінде бұрыннан бармын. Біз бұл мәселемен айналысып жатырмыз. Мен тек мынадай нұсқау қалдырдым: егер маған бірдеңе болса, оларды бұрын-соңды болмаған деңгейде бомбалаңдар», – деді Трамп.

Осы аптада Израиль АҚШ-ты Иранның президентті өлтіруге бағытталған жаңа жоспары туралы ескерткені жөніндегі ақпаратқа пікір білдірген Трамп бұл жаңа жоспар емес екенін айтты.

New York Post басылымының жазуынша, Иран 2020 жылы генерал Қасым Сүлеймениді өлтіру туралы бұйрық берілгеннен кейін Трампты өлтіруге ашық түрде ұмтылып келеді.

Осы уақыт ішінде Трампқа қарсы бірнеше қастандық әрекетінің жолы кесілген. Соның ішінде 2024 жылғы 13 шілдеде Пенсильвания штатының Батлер қаласындағы сайлауалды митинг кезінде оқ оның құлағын жанай өткен болатын.

Осы аптада АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс қайта күшейді. АҚШ пен Израильдің операциясы барысында қаза тапқан Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеиді жерлеу рәсімінде қатысушылар Трампты өлтіруге шақырған алып баннерлерді көтерген.

Екі күн бұрын Трамп журналистерге қастандықтың құрбаны болуы мүмкін екенін айтқан еді.

Келесі күні ол Анкарадағы НАТО саммитінен өткен жылы Катар сыйлаған ұшақтың орнына ескі Air Force One ұшағымен ұшып кеткен. The New York Times басылымының мәліметінше, мұндай шешім АҚШ Құпия қызметінің қауіпсіздік жөніндегі ұсынысынан кейін қабылданған.

Наурыз айында Трамп Иран билігі өзіне екі рет қастандық жасауға әрекеттенгенін мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл әрекеттер АҚШ пен Израильдің Иранға соққы беру туралы шешімімен және Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеиді өлтіру жоспарымен байланысты болған.

Ал Тегеран Трампқа қастандық жасауға дайындалды деген айыптауларды жоққа шығарды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз