Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:20, 09 Шілде 2024

Трампшыл Путин, долларофоб Лукашенко, Раисидің аруағы және әлемдегі ең бақытты шопыр

Путин, Трамп, Лукашенко
Фото: ашық дереккөз

4 шілде күні Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті 24-ші саммиті өтті.

 «ШЫҰ плюс» форматында өткен жиында – терроризм қаупі, доллардан бас тартып, ортақ валюта енгізу, Украиндағы соғыс пен санкциялар, Газа мен Ауғанстандағы жағдайды бейбіт жолмен шешу мәселелері айтылды.  

Жиынға 15 минутқа кешігіп жеткен Путин жеке кортежімен келді (ҚХР төрағасы да үш күн бойы тек өз көлігімен жүруді жөн көрген). Өзге басшыларға Қазақстан тарапынан көліктер ұсынылған.

Жиында Беларусь президенті Лукашенко ерекше көңілді жүрді, тіпті ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бара жатқан жолда камераға қарап көзін қысып, эмоциясын жасыра алмады. Оның көңілді жүруіне негіз де жоқ емес, себебі саммит Тоқаевтың сөз сөйлеуінен кейін бірден Беларусьті ұйым мүшесіне оныншы мемлекет ретінде қабылдау рәсімімен жалғасты.

Беларусь президенті Александр Лукашенко сөз кезегі берілгенде батысқа қарата біраз қыр көрсетіп, Шанхай достастық ұйымына мүше мемлекеттерді доллар алдында дірілдемеуге шақырды. Ол паритет пен сатып алу қабілеті бойынша ШЫҰ-да ең қуатты екі көшбасшы – Қытай мен Ресей бар деп мақтанды.

«ШЫҰ-ның барлық кешенді күн тәртібі бойынша практикалық өзара іс-қимылды күшейту керек. Мен ортақ қаржыдан бастауды ұсынамын. Беларусь басым мәселе ретінде ұлттық валюталарда екіжақты төлемдер тетігін және ШЫҰ Ұжымдық қаржы институтын құруды қарастыруда. Біз бәріміз үлкен және ұлымыз деп айтамыз. Біз шынымен ұлымыз. Ұйымда халықтың 40%-дан астамы немесе әлемдік ЖІӨ-нің үштен бір бөлігі бар, бірақ доллармен есептелген. Ал біз бәріміз осы доллардың алдында дірілдейміз. Бірақ долларға тәуелділікті азайту үшін белгілі бір қадамдар жасайық. Сонда доллар клубын басқаратындардың бұдан әрі бұлай жалғаспайтынын түсініп, қорқатындарын көретін едік. Біз бәрін көріп тұрсақ та, ешқандай әрекет жасамаймыз. Ал адамдар бізді күтіп отыр ғой», - деп кіжінді Беларусь президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ кеңістігінде ұлттық валютамен есеп айырысуға көшу үдерісін қолға аламыз деп қостай сөйледі. Ал Ердоған болса, Лукашенконың жақсы формада екеніне тоқталып, көпшік қойып, мақтап қоюды ұмытқан жоқ.

Путин: «Трампты қолдаймын»

Саммит аясында Путин Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен және өзге де мемлекет басшыларымен бірнеше кездесу өткізді.

«Біздің ынтымақтастығымыз ешкімге қарсы емес. Біз ешқандай блоктар мен одақтар жасамаймыз. Біз тек өз халқымыздың мүддесі үшін әрекет етеміз» деп жуаси қалды Путин.

Соңғы жылдары Ресей, Беларусь және Иран ауқымды халықаралық санкцияларға ұшыраса, Қытай мен АҚШ арасында соңғы алты жыл текетірес пен сауда-саттық тоқтаған емес. Саммитте Путин Украинамен соғысты бейбіт жолмен тоқтатуға дайынбыз деп мәлімдеді.

«Ресей әрқашан Украинадағы жағдайды бейбіт, саяси және дипломатиялық жолмен шешуді жақтап келеді және жақтай береді. Бейбіт келіссөзден үнемі тек Украина бас тартты және Лондонның тікелей бұйрығымен бас тартты. Бұл дағдарыс АҚШ пен оның серіктестерінің саясатының нәтижесінде пайда болды».

Сондай-ақ Путин Трамптың Украинадағы соғысты тоқтату ниетін қолдайтынын айтты. Және Трамп тарапынан түсетін ұсыныстарға ашықтығын білдірді.

«Трамп мырзаның президенттікке үміткер ретінде Украинадағы соғысты тоқтатуға дайынмын деген мәлімдемесіне байыппен қараймыз. Мен оның мүмкін ұсыныстарымен таныс емеспін. Шындығында – бұл негізгі мәселе. Мен оның мұны шын жүректен айтқанына күмәнім жоқ және біз оны қолдаймыз», – деді Путин.

АҚШ-тың бұрынғы президенті және биыл сайлауда республикашылдар атынан президенттікке кандидат болудан үмітті Дональд Трамп Детройттағы сайлауалды шарада Ақ үйге кірсе Украина-Ресей мәселесін бейбіт жолмен шешетінін айтқан. Оны шешу қолынан келе ме, жоқ па – уақыт көрсетер. Бұған дейін Трамп АҚ үйдің қожайындары Украинаға көмек бергеніне қарсы екенін бірнеше мәрте білдірген болатын.

Ислам мемлекеттерінің мәселесі

Иран Ислам Республикасы президентінің міндетін атқарушы Мохаммед Мохбер саммитке жуырда ұшақ апатынан қаза тапқан ел президенті Ибрахим Раисидің суретін әкеліп, көпшілікті «толқытты». Марқұмның суреті Иран басшысының міндетін атқарушы отырған үстелге қойылды.

Иранның бұрынғы президенті Ибрахим Раиси 19 мамыр күні тікұшақ апатынан қаза тапқан болатын. Иран – ШЫҰ-ның тоғызыншы мүшесі. Ұйымның толыққанды мүшесі болу туралы шешім 2023 жылы қабылданды.

Шарада Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің Астана декларациясы қабылданды. Декларацияда ШЫҰ мүше мемлекеттер біржақты санкциялар салуға қарсылық білдіріп, Палестина-Израиль қақтығысын талқылады.

«Ұйымға мүше мемлекеттер Палестина-Израиль қақтығыстарының шиеленісуіне терең алаңдаушылық білдіре отырып, көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және Газа секторындағы апатты гуманитарлық жағдайға әкелген әрекеттерді қатаң айыптайды» делінген Астанада қабылданған ұйым декларациясында.

Саммитті Синьхуа агенттігі мен AKIpress news қана толық көрсетті

Жиын кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы тасқын зардабына тоқталды.

«Қазіргі нақты жағдайда экология мен климаттың өзгеруімен күрес саласындағы ынтымақтастық ерекше өзекті. Бұл саладағы жағдай қатты алаңдатады. Біз барша мемлекеттерге орасан зор зиян келтіретін әртүрлі табиғи апаттардың айтарлықтай өскеніне куә болдық. Жуықта Қазақстан бұрын-соңды болмаған су тасқынының зардабын бастан өткерді. Мамандардың айтуынша, бұл табиғи апаттың ауқымы жаһандық жылыну үдерісімен тікелей байланысты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кешкі алты жарымға дейін созылған саммитке халықаралық 700-ге жуық журналист қатысты. Қазақстандық БАҚ өкілдері екі күнде де баспасөз өкілдеріне арналған аумақта жиынды «Jibek joly» арнасының тікелей эфирінен ғана үзіп-үзіп көрді. Толық трансляцияны Синьхуа агенттігі мен Қырғызстанның AKIpress news ресми каналы көрсетті. Ал жиынды ұйымдастырып отырған Қазақстан тарапы неге саммитті бастан-аяқ толық көрсетпегені ашық айтылған жоқ.

Айтпақшы, шетелдік БАҚ өкілдері мен мемлекет басшыларына жайылған ақ дастарқанда ұлттық тағам түрлері, оның ішінде қой етінен жасалған қуырдақ, бал мен Каспий бекіресі, самса мен бауырсақ қойылды.

Саммит аясында бірқатар қалаларда террористік қауіптің «сары» деңгейі енгізілді. Бос қалған қала көшелерінде қауіпсіздік қызметкерлері ғана жүрді, кейбір дүкен сөрелері бірнеше күн жүк көліктерінің кіруіне салынған тыйым салдарынан бос қалып, екі күнге жабық тұрды. Астана тұрғындары кортедждерімен келген президенттерді терезелерінен видеоға түсіріп, мәз болды.

Айтпақшы, әлеуметтік желіде көшеде келе жатып өшіп қалған, ал оны жолдан алу үшін МАИ қызметкерлері итеріп бара жатқан «Газельдің» видеосы тарады. «Гаишниктердің өзіне машинасын итертіп қойған бұл не деген бақытты жүргізуші» деген мысқыл сөздерді адамдар бір-біріне жіберіп, қызықтап бақты. Бұл саммиттің қарпайым халыққа қызығы да осы жолды президенттерге арнап жауып тастағаны мен тәртіп сақшыларының жанталасқан тіршілігі болды-ау деймін. Ал өзге пайдасы болса, алда тағы көре жатармыз.

Айжан Қалиева