Трамптың Донбасс мәселесіне қатысты мәлімдемесі жарияланды
Дональд Трамп Владимир Путинмен Донбасс толықтай Ресей бақылауына өтуі керек деген қандай да бір келісім барын жоққа шығарды.
Бұл туралы АҚШ президентінің 12 мамыр күні Қытайға ұшар алдында журналистермен әңгімесі кезінде айтқан сөздерінен белгілі болды.
Журналистердің бірі Трамптан:
«Сіз бен Путин арасында Ресей бүкіл Донбасты алуы керек деген қандай да бір түсіністік бар ма?» – деп сұраған.Трамп бұл сұраққа қысқаша:
«Жоқ», – деп жауап берген.
Осы әңгімеден үзінді X желісіндегі Clash Report микроблогында жарияланды.
Донецк облысының қай бөлігін кім бақылайтыны Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөздердегі негізгі мәселелердің бірі болып отыр.
Мәскеу бірнеше рет бейбіт келіссөздерге дайын екенін мәлімдегенімен, оны Украина әскерінің Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарынан толық шығуымен байланыстырып келеді.
Кремль бұл аумақтарды 2022 жылы өткізілген «референдумдардың» нәтижесі бойынша Ресей жері деп есептейді.
Сәуір айының соңында The New York Times төрт аноним дереккөзге сілтеме жасап, Украина өкілдері Ресей әлі де әскери жолмен басып алуға тырысып жатқан Донбасс аумағының бір бөлігін «Донниленд» деп атау ұсынысын айтқанын жазған.
Басылымның мәліметінше, бұл ұсыныс Трамптың ықыласына ие болу мақсатында жасалған болуы мүмкін.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс аумақтық дау «бірнеше шаршы километрге ғана қатысты» дегеннен кейін, Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 12 сәуір күні Ресей мен Украина арасындағы аумақтық келіспеушілік Донецк облысының Мәскеу әлі бақылауға алмаған шамамен 17-18 пайызына байланысты екенін айтқан.
Ақпан айының соңында аумақтық дауларға байланысты Украинадағы бейбіт келіссөздер тұйыққа тірелген еді.
Кейін Вашингтонның назары АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысына ауғаны айтылуда.