Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:15, 07 Ақпан 2025

Трамптың соғысты тоқтату туралы ресми жоспары жоқ – Зеленский

Зеленский
Фото: AFP

«Біз әлі де ресми келіссөздер мен ресми нәтижелерді күтіп отырмыз», - деді Украина басшысы.

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың әзірге Ресей-Украина соғысын тоқтату туралы ресми жоспары жоқ екенін айтты.

«Әзірге ресми жоспар жоқ. Түрлі басылымдарда тарап жатқан жоспарлар... Бұл президент Трамптың ресми жоспарлары емес екеніне сенімдімін», - деді Украина басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Адиль Рено-Бассомен өткен баспасөз мәслихатында.

Зеленский Киевтің мұндай жоспардың қандай болуы керегі туралы «идеясы» бар екенін және Трамптың инаугурациясына дейін АҚШ-пен нақты талқыланғанын атап өтті.

Қаңтар айының соңында украиналық Strana.ua басылымы Дональд Трамптың командасы әзірледі деген болжаммен соғысты 100 күн ішінде аяқтау жоспарын жариялады. Басылым соңғы күндері бұл жоспардың «Украинадағы саяси және дипломатиялық ортада белсенді түрде талқыланғанын» атап өтеді.

Бұған дейін Трамптың кеңесшілері Украинаға қатысты бейбітшілік жоспарының бірнеше нұсқасын ұсынған болатын. Онда Украина НАТО-ға мүше болу ниетінен бас тартып, территориясын Ресейге береді деген баптар бар еді.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, АҚШ одақтастары Кейт Келлогтың Мюнхен қауіпсіздік конференциясында АҚШ президентінің соғысты тоқтату жоспарын таныстыруын күткен. Шара Германияда 14-16 ақпанда өтеді деп жоспарланған. Алайда Келлогг бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, жоспарды Трамптың өзі ұсынады, бірақ «келесі аптада емес».

Тегтер: