Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам бизнесіне кірді
АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам өндіру жобасымен байланысты болып шықты.
Financial Times басылымының хабарлауынша, Эрик Трамп пен Кіші Дональд Трамп 2025 жылдың тамызында Skyline Builders құрылыс тобының үлесін сатып алған. Инвестиция көлемі жария етілмеген.
Бірқатар мәмілелерден кейін Skyline Kaz Resources компаниясының 20% үлесіне ие болды. Бұл компания Cove Capital инвестициялық тобымен байланысты. Кейін Kaz Resources пен Қазақстандағы жобаларды басқаратын Cove Kaz Capital құрылымы Skyline-мен біріктірілген.
Financial Times мәліметінше, жаңа компания Kaz Resources брендімен Nasdaq биржасына шығуды жоспарлап отыр.
Басылымның жазуынша, өткен жылы АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі мен Халықаралық даму қаржы корпорациясы Қазақстандағы вольфрам жобаларын қолдауға 1,6 млрд долларға дейін қаржы бөлуге келісім берген. Бұл жобалардағы бақылаушы үлес Cove Kaz Capital құрылымына тиесілі.
Кіші Дональд Трамп өкілі оның тек пассив инвестор екенін, операциялық қызметке қатыспайтынын және инвестиция салған компаниялардың мүддесі үшін АҚШ-тың федералдық органдарымен жұмыс істемейтінін мәлімдеді.
Эрик Трамп бұл мәселеге қатысты сауалдарға жауап бермеген. Ақ үй де пікір білдірмеді.
Бұған дейін «Тау-Кен Самрук» АҚ еншілес компаниясы мен америкалық Cove Kaz Capital Group LLC Қазақстандағы стратегиялық инвестициялық жоба бойынша құжаттар пакетін қол қойған болатын.
Жоба Қарағанды облысындағы Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындары базасында вольфрамды терең өңдейтін жоғары технологиялық өндіріс құруды көздейді.
Жалпы инвестиция көлемі кемінде 1,1 млрд доллар болады деп күтілуде.
Жоба аясында байыту фабрикалары мен аммоний паравольфраматын өндіретін металлургиялық зауыт салу жоспарланған. Бұл өнім қорғаныс, авиация және жоғары технологиялық салаларда сұранысқа ие.
Жобаның нәтижесінде шамамен 2 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Алдын ала келісімдерге сәйкес, америкалық тарап қаржыландыруды және заманауи технологиялар трансферін қамтамасыз етуі тиіс. Ал «Тау-Кен Самрук» бірлескен кәсіпорындағы 30% үлесін сақтап қалады.
Сондай-ақ дайын өнімді сыртқы нарықтарға шығару және ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар жасау жоспарланған, оның ішінде АҚШ-тағы серіктестермен.
Шетелдік БАҚ бұл жобаға Вашингтонның қызығушылығын Қытайға тәуелділікті азайту стратегиясымен байланыстырады.
Қазақстан вольфрам қоры бойынша әлемде Қытайдан кейін екінші орында. Бұл жобаны іске асыру елдің стратегиялық металдар жеткізу тізбегіндегі орнын күшейтіп, терең өңделген өнім экспортын арттыруы мүмкін.
Кен орындарын өнеркәсіптік пайдалану мерзімі 30-40 жылға есептелген.