Тіркеусіз тұрғандар мен құжатсыз жүргендер жауапкершілікке тартылады
Жыл басынан бері Астанада тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрғаны үшін 41 906 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 533-і жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде құқық бұзушылықты қайталаған.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, азаматтардың тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұруы әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады.
Ал шетелден Қазақстанға келген азаматтар елге кірген күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде тіркелуге міндетті.
Елорда прокуратурасы тұрғындарды баспанасында басқа азаматтардың тіркеусіз немесе құжатсыз тұруына жол бермеуге шақырды.
Ведомствоның мәліметінше, белгіленген талаптарды бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабына сәйкес 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін.