Өңір

Цифрлық медицинаның жаңа кезеңі басталды

Алматы облысында Қазақстанда теңдесі жоқ жаңа жоба іске қосылды. Қонаев қаласындағы Қапшағай жағажайы аумағында алғашқы «Qamqor SOS» цифрлық модульдік жедел медициналық көмек пункті жұмысын бастады. Бұл бастама туристік аймақтарда медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, төтенше жағдайларда жедел әрекет ету уақытын қысқартуға бағытталған.

дәрігер

Жаңа форматтағы медициналық пункт тәулік бойы жұмыс істейді. Денсаулығы сыр берген немесе түрлі жағдайға тап болған азамат арнайы SOS батырмасын басу арқылы жедел медициналық жәрдем станциясының диспетчерімен тікелей байланыса алады. Бейне және аудиобайланыс арқылы медицина қызметкері науқастың жағдайын бағалап, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін алғашқы көмек көрсету жөнінде нұсқаулық береді.

Көлемі небәрі 2×2,5 метр болатын модульдің ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті барлық құрал-жабдық қарастырылған. Мұнда дефибриллятор, стерильді медициналық жинақтар, жедел коронарлық синдром кезінде қолданылатын дәрі-дәрмектер, брезент көрпе және медициналық кушетка орнатылған. Сонымен қатар пункт үздіксіз интернетпен, телемедицина жүйесімен, бейнебақылау камераларымен және ақпараттық дисплеймен жабдықталған.

Соңғы жылдары әлемнің көптеген елдері телемедицина технологияларын белсенді енгізіп келеді. Әсіресе шалғай елді мекендерде немесе туристік аймақтарда қашықтан медициналық қызмет көрсету тәжірибесі кең таралған. Осы тұрғыдан алғанда «Qamqor SOS» жобасы Қазақстандағы телемедицина мүмкіндіктерін кеңейтудің нақты үлгісі саналады. Бұл бастама цифрлық технологиялардың адам өмірін сақтаудағы маңызын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Жобаның басты ерекшелігі – толық цифрландырылған басқару жүйесі. Диспетчер қажетті жағдайда модульді қашықтан ашып, медициналық құралдарды пайдалану тәртібін түсіндіре алады. Бұл әсіресе халық көп шоғырланатын демалыс орындарында, жағажайларда және туристік нысандарда өте маңызды.

Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, бір модульдік пункт тәулігіне орта есеппен 50 адамға дейін қызмет көрсете алады. Қажет болған жағдайда бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін. Оның сөзінше, жоба медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, денсаулық сақтау саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізуге жол ашады.

Мамандардың пікірінше, мұндай модульдер әсіресе туристік маусым кезінде үлкен сұранысқа ие болады. Күн өту, қан қысымының көтерілуі, суға түсу кезінде жарақат алу немесе таулы аймақтардағы түрлі төтенше жағдайлар кезінде азаматтар дәрігерлердің кеңесін жедел ала алады. Бұл алғашқы минуттарда көрсетілетін көмектің сапасын арттырып, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Жоба аясында биылғы жылдың соңына дейін Алматы облысының туристік және рекреациялық аймақтарында тағы 11 осындай медициналық модуль орнатылады. Олар Қонаев қаласы мен Қапшағай жағалауынан бөлек, Түрген тау шаңғысы курортында, Oi-Qaragai тау курортында, Ақбұлақ халықаралық туристік орталығында, Хан Тәңірі альпинистік лагерінде, Арасан шипажайында, сондай-ақ Шарын, Іле-Алатауы, Көлсай көлдері және Алтын-Емел ұлттық парктері мен Таңбалы қорық-мұражайы аумағында орналасады.

Бұл нысандардың іске қосылуы өңірдегі туристік қауіпсіздікті күшейтуге, төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын қысқартуға және медициналық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай цифрлық модульдер болашақта еліміздің басқа өңірлерінде де кеңінен енгізілуі мүмкін.

Бастама Алматы облысының туристік әлеуетін арттырумен қатар, өңірдегі медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда. «Qamqor SOS» жобасы цифрлық технологиялардың адам өмірі мен денсаулығын қорғаудағы мүмкіндігін көрсететін алғашқы отандық тәжірибелердің бірі болмақ.

Жігер Әшім

Алматы облысы

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз