Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:11, 27 Мамыр 2024

Түркі елдері арасында бірлескен қаржы институты құрылды

s
Фото: из открытых источников

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Түркі инвестициялық қоры өз қызметін ресми түрде бастағанын мәлімдеді. 

Түркі инвестициялық қоры – түркі әлемі экономикалық интеграциясының алғашқы бірлескен қаржы институты. Қордың бастапқы капиталы $500 млн-ды құрайды. 

Оны құрудың басты мақсаты – Түркі елдері арасындағы экономикалық және коммерциялық қатынастардың дамуын қамтамасыз ету. Түркия Қаржы министрлігінің бағалауы бойынша 2024 жылдың соңына қарай түркі мемлекеттері әлемдік экономикада маңызды орын алады. Яғни, экономика көлемі $1,9 трлн-ға және халық саны 178 млн адамға жетеді деп күтілуде, делінген хабарламада.

Қор қызметі барысында инфрақұрылымды, жаңартылатын энергия көздерін, ауыл шаруашылығын, туризмді, IT және басқа да бағыттарды қамтитын түрлі секторлардағы бірлескен жобаларды қолдауға басты назар аударылады.

Мұндай жобаларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын құру мен экономиканы әртараптандыруға бағытталады. Қазақстанға түркі әлемінің белсенді қатысушысы болуға, жобалар үшін қаржыландыру, гранттар мен техникалық көмек алуға, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының өңірі аясында және одан тыс жерлерде сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді, дейді ҰЭМ.

Айта кетейік, Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімге 2023 жылдың 16 наурызында Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті аясында қол қойылған болатын. Құрылтайшы елдер қатарында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия бар.

Фото: ҰЭМ