Түркістан облысында 20 жастағы жігітті өлтіріп, мәйітін өртеген 15 жастағы қыз сотталды
Түркістан облысының Ленгір қаласында 20 жастағы жігітті өлтіріп, мәйітін өртеген 15 жастағы мектеп оқушысына сот үкімі шықты.
Марқұмның денесі мамыр айында қараусыз қалған ғимараттан табылған. Осы оқиғадан кейін тоғызыншы сынып оқушысы күдікті ретінде ұсталған. Тергеу мәліметінше, қыз қылмысты алдын ала жоспарлап, одан бір күн бұрын пышақ сатып алған. Кейін жігітті кездесуге шақырып, кеуде тұсына бірнеше рет пышақ сұққан.
Жігіт көз жұмған соң, мектеп оқушысы сіріңке мен еріткіш сатып алып, оқиға орнына қайта оралған. Содан кейін марқұмның денесін өртеген. Сараптама нәтижесінде күйік дене аумағының шамамен үштен бір бөлігін қамтығаны анықталған.
Сот отырысында қыз жігіт өзін зорламақ болғанын айтқан. Алайда сот өкілдерінің мәліметінше, бұл нұсқа дәлелін таппаған.
Сот оны қасақана адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Жасөспірім жазасын кәмелетке толмағандарға арналған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.