Түркия Қара теңіздегі кемелерге шабуылды тоқтатуды ұсынды, Ресей бас тартты
Түркия Қара теңіздегі кемелерге шабуылды тоқтатуды ұсынды, Ресей бас тартты
Ресей билігі Түркияның Қара теңіз акваториясында әскери іс-қимылдар мен кемелерге жасалатын шабуылдарға мораторий енгізу туралы ұсынысын қабылдамады. Бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова мәлімдеді.
Оның айтуынша, Мәскеу қазіргі уақытта Қара теңіздегі жағдайдың жақсаруына мүмкіндік беретін алғышарттарды көріп отырған жоқ. Сондықтан бұл аймақта атысты тоқтатуға негіз жоқ деп санайды.
Захарова Түркияның бастамасын осы елдің сыртқы істер министрі Хакан Фидан бұқаралық ақпарат құралдарында айтқанын, алайда Анкарадан Ресейге ресми жазбаша ұсыныс түспегенін жеткізді.
Сонымен қатар Ресей СІМ өкілі 2022–2023 жылдары жұмыс істеген Қара теңіз арқылы азық-түлік экспорттауға мүмкіндік берген «астық келісіміне» қайта оралу мүмкіндігін жоққа шығарды. Ол мұндай қадамды «орынсыз» деп атады.
Бұған дейін Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан Анкара Киев пен Мәскеуге Қара теңіздегі азаматтық және коммерциялық кемелерге шабуылдарды толық тоқтатуға мүмкіндік беретін арнайы тетік құруды ұсынғанын хабарлаған.
Түркия билігі әскери әрекеттер сауда кемелерінің қозғалысына және өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырғанын айтады. Бұған қоса, шабуылдардан түрік компанияларына тиесілі немесе экипажында Түркия азаматтары бар кемелер де зардап шегуі мүмкін.
Анкара Қара теңіздегі жағдайдың одан әрі шиеленісуі халықаралық логистика мен әлемдік азық-түлік нарығына елеулі салдар әкелуі ықтимал екенін ескертті.