Түркияда мектеп маңында атыс болды: 11 оқушы жараланды
Түркияның Маниса провинциясындағы Тургутлу ауданында мектеп маңында атыс болып, 11 оқушы жараланды. Олардың екеуінің жағдайы ауыр.
Оқиға 22 қыркүйек күні таңғы сағат 08:00 шамасында болған. Түркиялық БАҚ мәліметінше, қарулы адам мектеп маңында оқ жаудырып, кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Күдікті көп ұзамай ұсталды.
Алдын ала ақпарат бойынша, шабуыл жасаған адам – осы мектептің 15 жастағы оқушысы. Алайда оның жеке басы мен оқиғаның мән-жайына қатысты ақпарат толық жарияланған жоқ.
Интернетте тараған бейнебақылау камерасының кадрларынан мектеп маңында қолында қаруы бар адамның жүргені, кейін оқиға орнынан қашқаны көрінеді.
Алғашқы хабарларда зардап шеккендер саны аз көрсетілгенімен, кейінгі мәлімет бойынша жараланғандар саны 11 адамға жеткен.
Қазір құқық қорғау органдары шабуылдың себебін анықтап жатыр. Оқиғаға қатысты тергеу басталды.