Әлеумет

Түркістан облысында жол апаты: жарысқа бара жатқан балалар қаза тапты

Түркістан облысында кәмелетке толмаған спортшылар мінген көлік жол апатына ұшырап, қайғылы жағдай орын алды. Оқиға 22 сәуір күні Арыс – Шардара тасжолында болған.

Жол апаты

Алдын ала мәліметке сәйкес, Chevrolet Cobalt жеңіл көлігі КамАЗ жүк көлігімен соғысқан. Жеңіл көлікте жарысқа бара жатқан балалар мен олардың жаттықтырушысы болған.

Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Зиятаев мәліметінше, жол апаты салдарынан жеңіл көліктегі үш жолаушы оқиға орнында көз жұмған.

Тағы бір жолаушы мен жүргізуші түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Ал жүк көлігінің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Белгілі болғандай, балаларды тасымалдау туралы уәкілетті органдарға, соның ішінде полицияға алдын ала хабар берілмеген. Бұл жағдай қауіпсіздік талаптарының сақталмағанын көрсетуі мүмкін.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Құқық қорғау органдары балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау міндеттерін тиісінше орындамау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған.

Айта кетейік, соңғы уақытта елімізде жол-көлік оқиғаларының жиілеуі қоғамда алаңдаушылық туғызуда. Бұған дейін де Шығыс Қазақстан облысында жол апатынан екі адам қаза тапқан болатын.

Тегтер: жол апаты
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз