Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 18 Сәуір 2024

Тұтынушы сауатты, заңгер тәжірибелі болса...

Тұтынушы

Сауда заңы, тұтынушының құқын қорғау мәселесі қоғамда үнемі өзекті. Бұған қатысты сауда және интеграция министрлігінің дерегіне сүйенсек, жыл сайын елімізде тұтынушылар тарапынан 30 мыңға жуық шағым келіп түседі екен. Бұл үкіметтік ұйымға түскен шағымдар.

Ал жергілікті, қоғамдық ұйымдарға келіп түсетін шағымдар легі қандай?! Жалпы, біздің қоғамда тұтынушылар өз құқын біле ме?! Олардың құқын қорғайтын заңгерлер нені ескеру керек?! Осы жайында «Экономика және құқық» институтының маманы, заңгер Назгүл Кәріпбаймен пікірлестік. 

Заң не дейді?!

Маманның айтуынша, тұтынушылардың құқығын қорғау саласында ең алдымен заңгерлер сауатты әрі тәжірибелі болуы қажет. Себебі қатардағы заңгерлердің барлығы тұтынушының құқын қорғай алмайды. Бір ескеретін дүние – Қазақстанда заңгерлер мамандық бойынша дайындалғанымен тұтынушы құқығы деп сала-салаға бөлінбейді. Сондықтан бұл арада дайындалмаған заңгер тұтынушының құқын қорғап бере алмайды.

«Мемлекеттік органдарда тұтынушылардың құқын қорғайтын комитеттер мен басқармаларда мамандар жеткіліксіз. Ол жақтарға барып шағымданып, тауы шағылып келетін тұтынушылар бар. Бір ғана Алматының өзінде мұндай жағдайлар мыңдап кездеседі. Біз қолдан келгенше заңды түрде көмек көрсетуге тырысамыз. Кейбір тұтынушылар әділетсіздіктің құрбаны болып жатады», – дейді Н. Кәріпбай.

Заңгердің ойынша, тұтынушылардың өзі де сауатты болуы, заңды білуі керек. Мысалы, қазір сатып алған киімге, ұялы телефонға байланысты арызданып, шағымданатындар көп. «Ең қиыны, осы ұялы телефондар дауы» дейді маман.

«2019 жылы «кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңда ұялы телефондарды кері қайтаруға болмайтын тауарлар қатарына жатқызып жіберген. Бұдан бөлек, бізде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, екіншісі, шұлық бұйымдары, үшіншісі, жануарлар мен өсімдіктер, төртінші, метрлеп өлшеніп сатылатын тауарлар, оның қатарында, мата, тоқыма бұйымдары, кілем, линолеум және басқа заттар кері қайтарылмайды. Осы тармаққа ұялы телефонның да кейбір түрлері енгізілген. Міне, мұны түсінбейтін тұтынушылар арызданады, сотқа дейін баратындары да бар. Артынан жеңілсе, «әділетсіздік» дейді. Өз басым, тұтынушыларға арызданбас бұрын заңды оқыңыз деймін. Бұл арада тұтынушы сауатты, заңгер тәжірибелі болғаны жөн».

Сертификаты болса, сауда да берекелі...

Сондай-ақ заңгер кез келген саудада сертификат сұрау керектігін айтады. Сертификаты болған жағдайда тіпті қайтаруға жатпайтын тауарды да кері қайтарып, шығынын өтеп алуға болады. Мысалы, қыстық аяқ киім сатып алған болсаңыз, үш ай мерзім уақытында тауарды кері қайтаруға болады. Тауарды сатып алған кезде чек болмаған жағдайда да тұтынушының құқы қорғалады. Сондықтан дүкендерден аяқ киім және басқа қымбат киімдер, ұялы телефон сатып аларда алдымен сертификатты талап еткен абзал. Ал сертификатты бермеген жағдайда «Тұтынушылар құқығы туралы» Заңның 190-193-бабына сүйене отырып, полиция өкілдерін шақырып, өзінің құқығы бұзылып отырғанын айтып, арыз жазуы керек.

«Егер сатып алып жатқанда сертификат бермесе, алған тауарды бейнежазбаға түсіріп алуға рұқсат. Бұл заңның 18-бабында көрсетілген. Тауар шынымен сапасы төмен және сатып алған құнына сәйкес келмеген жағдайда дүкен әкімшілігіне, аяқ киімді шығарушы фабрика анықталса, оларға да айып салынып, тұтынушыға оның құны төленеді», – дейді заңгер.

Бұдан бөлек, маман сауда жасағанда ертерек қамданудың да маңыздылығын құлаққағыс етіп отыр.

«Мысалы, оқу жылы басталардағы жағдайды ғана айтсақ, сол мерзімде қара базарға барсаңыз, мектеп қажеттілігін алуда қарбаласқан халық. Бұқараның бір парасы баласын мектепке даярлау үшін қолындағы бар қаржысы жетпей малын сатып жатса, енді бірі қарызданып-қауғаланып, оқу құрал алып, мектеп формасын түгендеп әлек болады. Сауданың қызған шағы екенін сезініп, саудагер қауымы бұл мезетте мектеп формасының бағасын аспандатып қояды. Халық амалсыз, қажеттілік болған соң саудаласпай-ақ алып жатады. Артынша, ол тауардың сапасы бағасына сай келмейтінін айтып шағымданатындар өте көп. Сондықтан маусымдық саудада сабырлық танытып, әбден зерттеп, алатын заттың сапасына көз жеткізіп барып алған абзал», – дейді маман.

Міне, біздегі мерзімдік сауданың сипатын осылай тізбелеген маман ақша жаратуда, жалпы сауда-саттық жасауда өзіндік жоспар, болжам, қосымша жинау қажеттігін ескертуде. Бұл орайда сауда-саттық жасағанда сатушылардың амал-айласын және маркетингтік жүрістерді бақылап отыру керек және заңды білу маңызды. Мұндай жағдайда тұтынушылардың құқы да бұзылмайды. Саудасы да берекелі болмақ.

Қарлығаш Сайлауова 

Тегтер: