Біз ол талапты орындаудан бас тартуға бекініп отырмыз
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев уақыт белдеуін бұрынғы режимге қайтару туралы петиция талабына қатысты алдын ала шешімді жариялады.
Оның айтуынша, уақыт белдеуінің өзгеруі адамдарға кері әсер етпеген.
Уақыт белдеуін бұрынғы қалпына қайтару туралы петиция өкілдерінің уәждерін талқылай келе, біз ол талапты орындаудан бас тарту жөнінде шешім қабылдауға бекініп отырмыз. Мен бүгінгі жиынның төрағасы ретінде осы 1,5 ай ішінде сіздер атқарған бүкіл жұмыстың қорытындысы бойынша өтінім берушілер келтірген уәждердің ешбірін дәлелдейтін фактілер табылған жоқ. Уақыт белдеуінің өзгеруі азаматтардың денсаулығына да, электр қуатын тұтыну шығындарына да әсер еткен жоқ, - деді вице-министр.
Дегенмен ол бұл айтылған шешім тек жоспар ғана екенін, нақты шешім еместігін ескертті.
Айта кетейік, биыл 1 наурызда Қазақстан ресми түрде бірыңғай UTC +5 уақыт белдеуіне ауысып, Қазақстанның бірнеше өңірінде уақыт бір сағатқа артқа жылжыды.