Уақыт белдеуінің өзгеруі адамдарға қалай әсер етеді – Әлназарова жауап берді
Жаңа денсаулық сақтау министрі Әлназарова 1 наурыздан бастап уақыттың теңесуі қазақстандықтардың денсаулығына оң әсер етеді деп есептейтінін айтты, деп жазды Zhasalash.kz.
– Біраздан бері бұл мәселе зерттеліп жатыр. Үкімет тарапынан комиссия құрылып, бір жылға жуық зерттеу жүргізді. Қазақстанда халықаралық қандай тәжірибелер бар, солардың бәрін зерттеді. Адам физиологиясы орталығы, астрофизика орталығында ғылыми ортада зерделеніп, дәлелденген ақпараттарға сүйене отырып шешім жасалды, – деді Ақмарал Әлназарова Астанада өтіп жатқан оқу-ағарту және ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген отырысы алдында.
Министрдің айтуынша, уақыт белдеуінің өзгеруі халықтың денсаулығына оң әсер етеді.
– Адамдардың ғасырлар бойы қалыптасқан биологиялық сағаттары бар. Сол биологиялық сағат пен әкімшілік сағаттың екеуін теңестіруге барлық мемлекеттер бара бермейді. Себебі бұл азаматтардың денсаулығына пайдалы әсері болғанымен, экономикалық тұрғыда кейбір жерде нелер (?) келуі мүмкін. Бірақ ең бастысы, мемлекетіміз осы сұрақты шешуде ең басты мақсаты – халықтың денсаулығын жақсарту. Мемлекеттің бұл шешімі өте орынды деп есептеймін, – дейді ол.