ҰҚК БҚО-дағы «Охотзоопром» басшысын 5 млн теңге алып жатқан жерінен ұстады
Батыс Қазақстан облысында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өңірлік филиалының басшысы Арман Қожахметов екі айға қамауға алынды. Ол кәсіпкерден 5 млн теңге алды деген күдікке ілінді.
Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Заки хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша Қожахметов киіктерді аулауға рұқсат беру үшін ақша талап еткен деген күдік бар. Оны 11 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы бойынша ҰҚК департаментінің қызметкерлері 5 млн теңге алып жатқан кезде ұстаған.
12 қыркүйекте Орал қаласының тергеу соты күдіктіні екі ай мерзімге қамауға алуға санкция берді.
Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл бап мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген немесе оған теңестірілген адамның қызметтік жағдайын пайдаланып жасаған алаяқтығына қатысты.
Аталған бап бойынша мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ сот белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға өмір бойына тыйым салуы мүмкін.
Арман Қожахметов «Охотзоопромның» Батыс өңірлік филиалын 2020 жылдың наурызынан бері басқарып келген.