Украина дрондары Мәскеуге шабуыл жасады: екі адам қаза тапты
20 қыркүйекке қараған түні Украина дрондары Мәскеу мен Мәскеу облысына жаппай шабуыл жасады.
Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің мәліметінше, шабуыл салдарынан екі адам қаза тауып, кемінде 20 адам зардап шеккен.
Воробьев Мәскеу облысының үстінде 249 украин дроны атып түсірілгенін хабарлады. Софьино елді мекенінде шабуылдан кейін қойма кешені өртенген. Astra Telegram-арнасының мәліметінше, аумағы шамамен 850 мың шаршы метр болатын «Современные складские технологии» логистикалық кешенін өрт шарпыған.
Губернатор үш көпқабатты және бір жеке тұрғын үйге дрондар түскенін мәлімдеді. Медициналық көмекке жүгінген 20 адамның үшеуі – бала. 15 адам ауруханаға жатқызылған.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин мұны қалаға жасалған ең ауқымды дрон шабуылы деп атады. Оның айтуынша, бір тәуліктен астам уақыт ішінде 1600-ден астам дронның шабуылы тойтарылған, соның 450-і Мәскеуге жақындаған кезде атып түсірілген.
Собянин бірнеше дрон Мәскеу мұнай өңдеу зауытының аумағына жеткенін, бір дрон тұрғын үйге түскенін хабарлады. Мәскеудің Капотня ауданындағы мұнай өңдеу зауытында өрт шыққан. Бұл кәсіпорынға биыл маусымда да дрондар шабуыл жасаған еді.
Бұдан бөлек, Котельникидегі тұрғын үй кешенінде өрт шыққаны туралы ақпарат тарады. Истрада дрон сынықтары көпқабатты үйдегі пәтерге зақым келтірген.
Шабуылға байланысты Мәскеудегі Внуково, Домодедово және Жуковский әуежайларының жұмысы уақытша тоқтатылды.