Украина Қырымды құрлықпен байланыстыратын көпірлердің бірін қиратты
Украина әскері Қырымды Херсон облысының Ресей бақылауындағы бөлігімен байланыстыратын Солтүстік Қырым каналы үстіндегі теміржол көпірін толық жойғанын мәлімдеді. Сонымен қатар түбекте электр энергиясы мен жанармай тапшылығы күшейіп барады.
Украинаның Арнайы операциялар күштері көпірге жасалған соққының видеосын жариялады. Алайда көпірдің толық қиратылғаны тәуелсіз дереккөздер арқылы әзірге расталған жоқ. Ресей билігі де бұл мәлімдемеге қатысты түсініктеме бермеген. Жойылған нысан Қырымды материкпен жалғайтын үш көпірдің бірі болған.
23 маусымға қараған түні Украина қарулы күштері түбекке дрондармен кезекті жаппай шабуыл жасады. Нысаналардың бірі Керчь қаласындағы жылу электр станциясы болды. Станция аумағында ірі өрт шығып, қою түтін ондаған шақырымға созылған.
Өрт салдарынан Қырымның бірнеше өңірінде электр қуаты өшкен. Евпатория, Саки, Джанкой және Красноперекопск қалалары жарықсыз қалған. Ресей тағайындаған жергілікті билік мұны «электр желілеріндегі технологиялық ақаумен» түсіндірді.
Кейбір аудандарда электр қуаты жексенбіден бері тәулігіне бірнеше сағат қана беріліп жатыр. Бұған дейін де Украина әскері өңірдің энергетикалық инфрақұрылымына соққы жасаған болатын.
Соңғы апталарда Украина дрондарының шабуылдары күшейгеннен кейін түбектегі жағдай күрделене түсті. Қырымды Ресейдің негізгі бөлігімен байланыстыратын маңызды жолдар Херсон және Донецк облыстарының оккупацияланған аумақтары арқылы өтеді.
Украиналық дрондар түбекке азық-түлік пен жанармай жеткізіп жатқан жүк көліктеріне де шабуыл жасап жатыр.
Соның салдарынан Қырымда жанармай тапшылығы туындап, отынды лимитпен сату енгізілді. Ал 21 маусымнан бастап жанармай құю бекеттерінде бензинді еркін сату толық тоқтатылып, отын тек мемлекеттік қызмет көліктеріне ғана берілетін болды.
23 маусымда жергілікті билік Қырым көпірі арқылы жеңіл көлікпен 200 литрге дейін жанармай алып өтуге рұқсат берілгенін хабарлады. Бұған дейін рұқсат етілген көлем 100 литр болған.
Ресейлік БАҚ мәліметінше, Қырымдағы қонақүйлерге туристерге өздерімен бірге жанармай қорын алып келу қажеттігі туралы ескерту тапсырылған. Әсіресе Феодосия, Евпатория және Ялта қалаларындағы демалыс орындарына мұндай нұсқау берілген.
22 маусым кешінде Украина Қорғаныс министрлігі «Қырымдағы жағажай маусымы жабылды» деп мәлімдеді. Ведомство соңғы күндері түбектегі мұнай базалары, газ компрессорлық станциялары, радиолокациялық кешендер мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне соққы жасалғанын еске салды.
«Туристер үшін болжам қолайсыз», – делінген украин әскери ведомствосының хабарламасында.
Украина Ұлттық гвардиясының қолбасшысы Олександр Пивненко шабуылдардың күшейетінін мәлімдеді.
«Біз оперативтік тереңдіктегі дрондар санын арттырып, қарсыластың логистикасын одан әрі жоямыз. Олардың жабдықтау желілерін барынша қиындатамыз», – деді ол.
Осы жағдай аясында Украинаның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Андрий Мельник Киев әскери іс-қимылдарды тоқтату мәселесіне қатысты ұстанымын қайта қарауы мүмкін екенін айтты.
Ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін майдан шебінде дереу атысты тоқтату жөнінде қарар қабылдауға шақырып, Украина мұны қазірдің өзінде ымыра ретінде қарастырып отырғанын жеткізді.
«Сіздер басып алған жерлерді сақтап қала алмайсыздар. Ешқашан. Украинадан мүмкіндігінше тез кетіңіздер», – деді Мельник Ресейге қарата.