Украина Ресей аумағы мен Қырымға 300-ден астам дронмен шабуыл жасады
Украина қарулы күштері Ресей аумағы мен аннексияланған Қырымға 300-ден астам дронмен шабуыл жасады.
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері 323 ұшақ типтес дрон атып түсірген. Бұл туралы DW жазды.
Шабуылдан кейін Севастопольде электр қуаты өшіп, қаланың бір бөлігі жарықсыз қалды. Ресей тағайындаған жергілікті билік кейінірек электрмен жабдықтау біртіндеп қалпына келтіріліп жатқанын хабарлады.
Украиналық және ресейлік телеграм-арналар Қырымдағы электр қосалқы станциялары мен энергетикалық нысандарға соққы жасалғанын, бірнеше жерде өрт шыққанын жазды. Сонымен қатар Қырымдағы Саки әскери әуеайлағына және әуе қорғанысы жүйелеріне шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тарады.
Нижегород облысының губернаторы Глеб Никитиннің айтуынша, өңірге 23 дрон шабуыл жасап, салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам жараланған. Бірқатар тұрғын үйлер мен көліктер зақымданған.
Белгород облысында да бір адам қаза тауып, бір әйел жарақат алғаны хабарланды.
Ал Орынбор облысында дрондар өнеркәсіптік нысандарға шабуыл жасаған. Украиналық мониторингтік ресурстардың мәліметінше, нысанаға Орынбор гелий зауыты мен газ өңдеу зауыты алынған. Кейбір мәліметтер бойынша, кәсіпорын аумағында өрт ошақтары тіркелген.
Ресейдің басқа өңірлерінің билігі де украиналық дрондардың шабуылын растағанымен, көп жағдайда зардап шеккендер мен елеулі қираулар болмағанын мәлімдеді.